Түркістандық полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарды жауапкершілікке тартты
Түркістандық полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарды жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерде көшенің қақ ортасында жол қауіпсіздігі ережесін бұзып, жүгенсіз жүрген бірнеше автокөліктер жайлы бейнежазба таралған болатын.
Тексеру барысында оқиға Түркістан қаласындағы Түркістан -Шымкент айналма тас жолы бойында орын алғаны анықталды. Тәртіп бұзушылардың жеке басын анықтау мақсатында Түркістан ҚПБ-ның полиция қызметкерлері қажетті іс-шараларды жүргізіп, кінәлі жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Нәтижесінде, «Toyota Camry» жүргізушісіне қатысты әкімшілік жауапқа тарту бойынша бес хаттама толтырылды. Олар келесідей: ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабы 2-бөлігі (сақтандыру белгісі), 590-бабы 2-бөлігі (ГРНЗ тақпаған) және 595-бабы 1-бөлімі (маневр жасау қағидаларын бұзу), 593-бабы 1-бөлігі (жолаушыларды тасымалдау қағидаларын сақтамау), 596-бабы 3-бөлігі (қарсы бағытқа шығу).
Ал, «Ауди» маркалы көліктің жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 1-бөлігі (жолаушыларды тасымалдау қағидаларын сақтамау ) бойынша кінәлі деп танылып, хаттама түзілді.
Автокөліктер айыптұрағына қойылды.
Жалпы, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларын азайту, жол қауіпсіздігі ережесі мен карантиндік шараларды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Түркістандық полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.