Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шектеу шараларының сақталуы полицейлер бақылауында тұр

Түркістан облысының полициясы тұрғындардың карантиндік шараларды сақтауын тексеруді жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің полиция қызметкерлері басқа да мүдделі органдармен бірлесіп Covid-19 коронавирустық инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне орай карантиндік режимнің сақталуын бақылау бойынша іс-шаралар жүргізуді жалғастыруда. Шектеу шараларының сақталуын құрамына полицейлер, Денсаулық сақтау және аумақтық әкімшілік комиссиялардың өкілдері кіретін бірлескен мобильдік топтар бақылауда. Мобильді топтар азаматтардың, сауда және ойын-сауық орындарының, дүкендер мен базарлардың иелерімен, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көліктерде және көшелерде карантин мен өзін-өзі оқшаулау режимінің сақталуын тексеруде.

Карантиндік шаралар енгізілгеннен бері Түркістан облысының полицейлері рейдтік және профилактикалық іс-шаралар барысында 115 құқықбұзушылықты анықтады, оның ішінде 4 жайты үйлену тойы мен отбасылық жиындарды ұйымдастыру. ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы “Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу” бойынша 108 азамат және жеті мекеме иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы “Мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау” бойынша 69 құқықбұзушылық анықталды.

Мысалы, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде “Instagram” парақшасынан Сарыағаш ауданы тұрғынының бірі үйінде “келін түсіріп, той жасап жатқаны” туралы бейнежазбаны анықтады. Оқиға орнына Сарыағаш аудандық полиция бөлімі қызметкерлері мен жергілікті орган өкілдері келіп, тексеру жүргізді. Нәтижесінде беташар тойын ұйымдастырушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ал жинақталған материалдар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Түркістан облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберілді.

Полиция қызметкерлері коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мақтаарал ауданында, Түркістан облысының бас мемлекеттік санитарлық-дәрігерінің карантиндік іс-шараларды ұзарту туралы Қаулысының талаптарын орындауға байланысты барлық елді мекендерде және аудан орталығында Мақтаарал АПБ-нің автоэкипаждары арқылы дауыс зорайтқыштардың көмегімен карантинді сақтау және медициналық бетперделер мен қолғаптарды кию қажеттілігі түсіндірілуде.

Сонымен қатар, су арналарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Мақтаарал ауданы аумағындағы су айдындарында балалар мен ересектердің суға шомылуына жол бермеу бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Суға түсушілер арасында учаскелік полиция инспекторлары коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде тыйым салынған жерлерде суға түсу қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын өткізуде.

Түркістан облысы ПД полицейлерімен осындай іс-шаралар барлық қала және аудан орталықтарында, атап айтқанда, Сайрам, Түлкібас, Сарыағаш және басқа да аудандарда өткізілуде, онда сақшылар Денсаулық сақтау және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, бүкіл әлемде таралған Covid-19 коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде карантиндік шараларды сақтаудың, өзін-өзі оқшаулаудың және әлеуметтік қашықтықтың маңыздылығы туралы тұрғындармен профилактикалық және түсіндіру әңгімелерін жүргізуде.

Өз кезегінде полицейлер Түркістан облысының тұрғындарын карантин талаптарын қатаң сақтауға, аса қажеттілік болмаса көшеге шықпауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады,
Дүкенге, емханаға немесе басқа мекемеге бару қажет болған жағдайда міндетті түрде медициналық бетперделер мен қолғаптарды, сондай-ақ антисептикті пайдалану керек. Тәртіп сақшылары коронавирустың таралу қаупіне байланысты карантин ережелерін бұзбауға шақырады. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру