Түркістанның полицейлері алаяқтық жасаған Қызылорда облысының тұрғынын қолға түсірді
Түркістанның полицейлері алаяқтық жасаған Қызылорда облысының тұрғынын қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек АПБ-ға Алматы облысының тұрғыны арызданып, белгісіз біреудің ақшасын көбейтіп беремін деп, алаяқтық тәсілмен есепшотына ақша салдырып алып, қайтармағанын хабарлайды. Нақтырақ айтсақ, жәбірленуші ақшаны Бәйдібек ауданы тұрғынының есепшотына аударғанын жеткізді. Аталған жайт бірден Бәйдібек АПБ-де ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.
Бәйдібектік тәжірибелі полицейлерден қылмысты дер кезінде ашып, алаяқты ұстауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ осы қылмысты ашып, соңына жеткізеді деген сеніммен қылмыстық іс Бәйдібек АПБ тергеушісі полиция аға лейтенанты Әкежан Амангелдіге берілді. 2019 жылдан бері ішкі істер саласының қазанында қайнап, талай істердің ақ-қарасын ажыратып, жас та болса, қызметте өзіндік орнын қалыптастырып келе жатқан тергеуші бұл қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстауға барын салды. Қажетті тексеру жұмыстарын жүргізді. Ақша аударылған есепшоттар анықталды. 20 күнге созылған тергеу амалдарының нәтижесінде күдікті ретінде Қызылорда облысының жергілікті тұрғыны ұсталды. Ол аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Өзгенің ақшасын заңсыз алып, бас пайдасына жаратып жібергенін толығымен мойындаған егде жастағы әйел, жәбірленушінің ақшасын тергеу барысында қайтарып берді.
Белгілі болғандай, ұсталған әйел WhatsApp желісі арқылы арнайы топ ашып, оған адамдарды тіркеп, сеніміне кірген. Содан соң топтағы адамдарға өзін компания қызметкерімін деп таныстырып, есепшотын ұсынып, соған ақша салса, 4 күнде 50 пайыз пайда табасыздар деп алдаған. Ал әйелге сенген жәбірленуші 400 мың теңге ақшасын көрсетілген есепшотқа аударған. Арадан 2 аптадай уақыт өтсе де, ақшасы көбеймеген. Алаяқ сан түрлі сылтауды себеп етіп, ақшасын қайтармаған. Содан алаяққа алданғанын сезген әйел полицейлерден көмек сұраған.
Өз кезегінде жәбірленуші қылмыстық істің уақтылы жүргізіліп, өзіне келтірілген моралдық және материалдық шығынның толығымен өтелуіне байланысты Бәйдібек АПБ-нің тергеушісі Әкежан Амангелдіге алғысын білдірді. Сонымен қатар осы алаяқтық қылмысының одан әрі өршіп кетуіне және алаяқтың басқа адамдарды да алдауына жол бермеуіне тосқауыл қойғанына ризашылығын жеткізді.
Осы тұста полицейлер тұрғындарға ескертеді: кез-келген бейтаныс адамға сенім артудан абай болыңыздар. Сондай-ақ ақша беру, ақша аудару, ақша алу сынды операциялар кезінде мұқият болу қажет. Егер де сіз жоғарыда аталған жайттарға тап болсаңыз, бірден полицияның 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.