Тыныштықты бұзған 1000-нан астам адам жауапқа тартылды
СҚО-да полицейлер жыл басынан тыныштықты бұзған 1000-нан астам адамды жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 шілде күні Петропавл полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Борки кентінде тыныштықты бұзу жөнінде ақпаратты байқады. Instagram желісінің пайдаланушысы Петропавл қаласындағы танымал пабликтерінің бірінде «…Борки кентіндегі 5М бағытының соңғы аялдамасында түнде би билеп, дрифтинг ұйымдастырады….Бұл жақта адамдар тұрады, неге басқаларды ойламайсыңдар, балалар ұйықтап жатыр, кейбіреулер таңертең жұмысқа тұрады. Өтінемін, айналаңыздағыларды ойлаңыздар…» деген әсерлі жазба орналастырған. Сол түні сағат 23-тен кейін патрульдік полиция батальоны және Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары аталмыш ауданға тексеріс жүргізді. 5М қалалық бағытының соңғы аялдамасының маңы, жақын жердегі көшелер мен аулалар тексерілді.
– Осындай жағдайлар жаз кезінде жиі орын алып жатады, – деп атап өтті Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімі ЖПҚ бөлімшесінің бастығы Жақия Абылов. – Комментарий жазғандардың басым бөлігі жазбаның авторын полиция көмегіне жүгінуге шақырған. Түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілері бойынша уақтылы ден қою үшін бұл ең тиімді шешім. Борки кентінің аумағы қызметкерлердің ерекше бақылауына алынды. Аталған аумаққа Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімі қызмет көрсетеді. Автопатрульдер мен учаскелік инспекторлардың қатысуымен рейдтік іс-шаралар жүргізілетін болады. Қажет болған жағдайда тұрғындар 53-75-94 телефоны бойынша №13 учаскелік полиция пунктіне немесе 61-29-02 телефоны бойынша Бірінші полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне немесе «102» арнасына хабарласа алады.
Тәртіп сақшылары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы «Тыныштықты бұзу» бойынша жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу бес айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлға әкеліп соғатыны туралы ескертеді. Бір жылдың ішінде қайталап жасаса, айыппұл екі есеге дейін өседі.
Жалпы жыл басынан аталған бап бойынша облыста 1212 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.