«Учаске» ЖПІШ: ШҚО-да тіркелмеген 228 пәтер анықталды
ШҚО-да тіркелмеген 228 пәтер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылықтардың, заңсыз көші-қонның алдын алу, жолын кесу, сондай-ақ қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізу жөніндегі шараларды күшейту мақсатында 1 қазаннан бастап Шығыс Қазақстан облысының аумағында жергілікті полиция қызметінің, көші-қон және криминалдық полицияның күштері тартылған «Учаске» жалпы республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері 176 290 тұрғын үй массивін, оның ішінде 97 858 пәтерді, 62 916 жеке үйді және 15 516 саяжай үйін аралап, 1 469 шаруа қожалығын тексерді.
– 1 165 жалдамалы пәтер тексерілді, оның барысында мемлекеттік кіріс органдарында тіркелмеген және салық төлемеген 228 жалдамалы пәтер анықталды. ҚР Көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 317 шетелдік азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 312 ТМД және 5 алыс шетел азаматтары, – деп атап өтті ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Думан Қожахметов.
Қазақстан Республикасында тіркеусіз не жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін 850-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.