«Үй алуға көмектесемін»: ақтаулық полицейлер тұрғындардың 19 млн теңгесін жымқырған күдіктіні анықтады
Ақтаулық полицейлер үй алып беремін деп тұрғындардың 19 млн теңгесін жымқырған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтау қаласының Полиция басқармасына алаяқтық дерегі бойынша әйелді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы қала тұрғындары ұжымдық шағыммен жүгінді. Ол 2018-2021 жылдар аралығында үй сатып алуға көмектесемін деп тұрғындарды алдап, 19 млн теңге көлемінде ақшаны жымқырып кеткен.
Аталған дерек бойынша Ақтау қаласы ПБ ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, күдікті анықталып, бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша барлық қажетті жедел-тергеу әрекеттері жүргізілуде.