Үй қамауындағы елордалық қайтадан ұрлық жасап ұсталды
Елордалық полиция қызметкерлері сериялық ұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Есіл» ауданы ПБ криминалдық бөлімінің қызметкерлері күдіктіні ұстады. Елорданың 26 жастағы тұрғыны сериялық ұрлық жасағаны үшін «үй қамауында» болған. Алайда дұрыс жолға түспей, бұрын сотты болған жігіт ескі әдетіне салып, қайта ұрлық жасауды бастаған.
Бұл жолы ол қаланың басқа ауданында, яғни Қалдаяқов көшесінің бойында орналасқан супермаркетке барған. Күдікті азық-түлік дүкеніне сатып алушы кейпінде кіріп, сөреден құны шамамен 60 мың теңге тұратын «Macallan» маркалы қымбат вискиді ұрлап алып, күртешесінің астына салып, дүкеннен шығып кеткен.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ұсталған жігіт осыған ұқсас үш ұрлық жасады деген күдікке ілініп, оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.