Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әскери және қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Ұландықтарға ордендер, медальдар, төсбелгілер, сондай-ақ, грамоталар мен алғыс хаттар салтанатты жағдайда табыс етілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі “Даңқ” орденімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Жандос Омарқұлов марапатталды. Оған марапатты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев табыс етті.

ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен Ұлттық ұлан “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ниязтай Әлкешев, 5572 әскери бөлімінің командирі Ержан Байжанов марапатталса, Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің жетекшісі Дархан Рахымғалиев “Құрмет” орденін иеленді.

Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне орай құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері Дәулет Салханов, Қалиақпар Тоқышев, Амангелді Дүкенев, запастағы полковник Александр Парпура және басқалары мерейтойлық медальмен марапатталды. Әскери қызметшілер мен ардагерлерге марапатты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев салтанатты түрде табыс етті.

Елордадағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміндегі гарнизондық іс-шарасында қызметінде ерекшеленген офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов марапаттады.

Жалпы Мемлекет басшысының Жарлығымен 112 әскери қызметші “Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл” мерейтойлық медалімен, Ішкі істер министрінің бұйрығымен 55 ұландық және Ұлттық ұланның ведомстволық наградаларымен 128 әскери қызметші мен 23 әскер ардагері аталып өтілді.

Жеке құрам алдында сөз алған Руслан Жақсылықов Тәуелсіздік жылдарында құқықтық тәртіп әскері де мемлекетпен бірге дамудың күрделі жолынан өткенін атап өтті.

– Тәуелсіздік – еліміздің басты құндылығы, оны қорғау – біздің қасиетті борышымыз. Біз марапат пен атақ үшін емес, халқымыз үшін, Қазақстан үшін қызмет етеміз. Сондықтан Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Отанымыздың тыныштығы мен тәртібін әрдайым күзетуі керек, – деді өз сөзінде Руслан Жақсылықов.

Салтанатты шараға еліміздің белгілі спортшылары, Ұлттық ұланның спорттық-штаттық командасының мүшелері капитан Елдос Сметов, ефрейтор Зульфия Чиншанло, ефрейтор Абылайхан Жүсіпов, ефрейтор Нұрислам Санаев, Ұлттық ұлан Әскери институтының курсанттары: жекпе-жек ұрыстан Әлем кубогының чемпионы Сауран Арапбай, панкратионнан Әлем чемпионы Нияз Зубаиров, жекпе-жек ұрыстан Әлем кубогының күміс жүлдегерлері капитан Ерболат Дүйсембеков пен запастағы подполковник Арман Ахашов “Ұлттық ұлан үздігі” кеуде белгісімен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру