Ұландықтар Тұңғыш Президент күніне орай наградалармен марапатталды
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай салтанатты шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шара аясында «Нұрсұлтан Назарбаев: ғаламдық деңгейдегі саясаткер» атты Елбасы сабағы өткізілді. Сабақтың басты мақсаты – жеке құрамды туған жерге, Тұңғыш Президенттің саясатына адалдық рухында тәрбиелеу, әскери қызметшілердің арасында қоғамдық-азаматтық мәселелерде белсенді өмірлік ұстанымдарды қалыптастыру болып табылады.
Елбасы сабағы 2017 жылдан бері Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде мемлекеттік-құқықтық дайындық жүйесінің негізінде ұйымдастырылып келеді.
Салтанатты кеш барысында жеке құрамды мерекемен құттықтаған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Әлібек Серәлиев Елбасының егеменді қазақ елінің құрылып, қалыптасуына сіңірген еңбегі туралы айтты. Сондай-ақ, кешегі Ішкі әскердің заңды мұрагері – Ұлттық ұланның да қалыптасып, дамуына жасаған жағдайы мен қамқорлығын алға тартты.
Құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілері Тұңғыш Президент – Елбасының ел дамуындағы тағдыршешті рөлін түсіне отырып, өздерінің қызметтік-жауынгерлік әрекеттеріндегі жетістіктерімен мемлекетіміздің әрі қарай гүлденуіне лайықты үлестерін қосуда.
Салтанатты жағдайда қызметтік-жауынгерлік әрекеттегі жоғары көрсеткіштері, әскери қызметтің міндеттерін үлгілі орындағаны, ынтасы, жеке үлгісі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай қызметте ерекшеленген офицерлер мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілеріне «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдары, кеуде белгілері, грамоталар және алғыс хаттар табыс етілді.
Ішкі істер министрі және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен барлығы 150-ден аса әскери қызметші марапатталса, сегіз офицерге кезекті әскери шендері тапсырылды.