Ұлттық ұлан жауынгерлері Қостанай облысындағы құтқару жұмыстарына тартылды
Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы орман өрттері өршуде. Оқиға орнында ІІМ қызметкерлері мен өрт сөндірушілер жұмыс жасауда. Өрт сөндіру жұмыстарына Ұлттық ұланның әскери қызметшілері де тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 қыркүйек күні Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай, Новонежинка ауылдарының маңындағы ормандағы өрт өрши бастағаны туралы ақпарат түсті.
Аталмыш жағдай бойынша елді мекеннің Төтенше жағдай департаментімен бірге жұмыла көмек беруге Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың шешімімен өрт орнына «Орталық» өңірлік қолбасшылығының Қостанай қаласындағы 6697, Көкшетау қаласының 5510 әскери бөлімдері жұмылдырылды.
Қостанай облысындағы ірі табиғи өртті жоюға Ұлттық ұланның 400-ге жуық әскери қызметшісі мен 32 бірлік әскери техникасы тартылды.
Айта кетейік, аталған аумаққа 6697 әскери бөлімнен 150-ге жуық, ал 5510 әскери бөлімнен 250-ден астам әскери қызметші және 18 бірлік техника бөлінді.
Орманның жануы 2 қыркүйекте Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде, «Басаман ОШ» КММ аумағында шамамен сағат 15:10-да басталды.
Сөндіру желдің екпіні мен қатты ыстықтан, тығыз өсімдіктерден және кірме жолдардың болмауынан қиындай түседі.