Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланда үздік мергендер мен жеңіл атлеттер анықталды

17-19 тамыз аралығында Қарағанды облысының Қарабас кентінде Ұлттық ұланның «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік», «Орталық» қолбасшылықтары, Академиясы және елордалық 5573 әскери бөлімі арасында штаттық қарудан ату және жеңіл атлетика бойынша чемпионат өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған біріншілік қаңтар оқиғасында ерлікпен қаза тапқан қос жауынгер — Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың құрметіне арналды.

Біріншілікке СҚО, ШҚО, БҚО, Түркістан облыстарынан командалар қатысты. Барлығы 40-тан аса қатысушы болды.

Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінің саптық алаңында турнирдің салтанатты марапаттау шарасы өтті. Іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Әбжанов пен қаңтар оқиғасында қаза болған сарбаз Мадияр Қайсаровтың әкесі — Оразалы Қайсарұлы қатысты.

Үш күнге жалғасқан жарыс нәтижесінде кросс бойынша І орынды “Шығыс” өңірлік қолбасшылығы, ІІ орынды 5573 әскери бөлімі иеленді. Ал ІІІ орын «Орталық» өңірлік қолбасшылығына бұйырды.

Жеңіл атлетикалық эстафетадан жүлделі І орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығы, ІІ орынды 5573 әскери бөлімі, ІІІ орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы иемденді.

Штаттық қарудан ату бойынша І орынды Ұлттық ұлан Академиясы жеңіп алды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ІІ орын тұғырынан көрінді. ІІІ орын “Батыс” өңірлік қолбасшылығының құрама командасына бұйырды.

Жеңіл атлетикадан 1,5 км қашықтыққа жүгіруде ерекше көзге түскен 5516 әскери бөлімінің спортшысы ефрейтор Екатерина Яковенко жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Жеңіл атлетикалық кросстан І орынды “Шығыстың” құрама командасы, ІІ орынды 5573 әскери бөлімі, ІІІ орынды «Орталық» спортшылары иеленді.

Жеке есепте Макаров тапаншасынан атудан ерекше көзге түскен 5516 әскери бөлімінің намысын қорғаған ефрейтор Эльмира Алиеваға ІІ орын берілді.

Генерал-майор Бауыржан Әбжанов пен Оразалы Қайсарұлы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді кубок және медальдармен марапаттады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру