Ұлттық ұланның мыңнан астам жауынгері су тасқынына қарсы жұмысқа жұмылдырылды
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуды жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ұлттық ұланының “Батыс” өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің 60-тан астам әскери қызметшісі және 2 арнайы техникасы әскери бөлімнен 7 шақырым жерде орналасқан Асан елді мекенінде су тасқынын бөгеу жұмыстарына қатысты.
Ал 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері 50-150 адамнан құралып, төрт ауысым бойынша 17 техниканың көмегімен Ақтөбе облысындағы Кирпичный кентіне көмек беріп жатыр.
Еліміздің шығыс бөлігіндегі Ақтоғай ауданының Шолақсор кентінде Сілеті өзені арнасынан асып кетті. Ернеуінен асқан судың жылдамдығы секундына 50 текше метрге жеткен. Осыған байланысты Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері халыққа көмектесу және су тасқынының алдын алу үшін шұғыл түрде ауданға бет алды. Павлодар облысындағы әскери бөлім жауынгерлері де Жалаулы елді мекеніндегі су тасқынына қарсы іс-шараларды атқаруға жұмылдырылды. Ұландықтар еріген қар суына қарсы бөгеттер тұрғызып, су тасқынының алдын алу үшін түрлі амал жасап жатыр.
Теміртау қаласының 5516 әскери бөлімінің 125 әскери қызметшісі мен 6 техникасы Чкалово елді мекені мен Заречный кентінде су тасқынына қарсы жұмыс істеп жатыр.
Ұлттық ұланның Қостанай қаласындағы полкінің 100 әскери қызметшісі және 8 техникасы, сондай-ақ Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінің 50 әскери қызметшісі мен 7 техникасы Қостанай облысы Жангелдин ауданының Торғай ауылындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға жұмылдырылды. Бұдан басқа, 6697 әскери бөлімінің жиырма жауынгері мен бір арнайы көлігі Қостанай қаласындағы жағдайды реттеуге атсалысып жатыр.
Сондай-ақ Қарағанды облысында болып жатқан су тасқынының салдарымен күрес жұмыстарына ТЖД өкілдерімен бірге Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығының, Қорғаныс министрлігінн қарасты “Астана” өңірлік қолбасшылығының жеке құрамдары, сондай-ақ облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қатысып жатыр.
Қарағанды облысының ірі су қоймаларында (Самарқанд, Ынтымақ, Шерубай-Нұра) су көлемінің ұлғаюына байланысты Абай, Бұқар жырау және Нұра аудандарының 28 елді мекенінде құм толтырылған қаптардан бөгет тұрғызу жұмыстары қолға алынған. Бұған Қарағанды қаласының 5451 әскери бөлімінің 50-ге жуық әскери қызметшісі мен 4 арнайы техникасы қосылды. Тұрғын алаптарының су басуына жол бермеу мақсатында аулалардан шамамен 19337 м3 еріген су тазартылды.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Ұлттық ұлан академиясының 100-ден астам курсанты халыққа көмек көрсету үшін Прибрежное ауылына барды. Әскери қызметшілер қаптарды инертті материалмен толтыруға қолғабыс етті.
– Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне техногендік, табиғи, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға қатысу міндеті жүктелген. Сондықтан курсанттар кез келген уақытта халқымызға көмек көрсетуге дайын, – деп атап өтті 2-оқу батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Әлімжан Тасмағамбетов.
Кентте төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қар шығару және арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кеше ұландықтар екі мыңға жуық саз толтырылған қап дайындап, белгіленген жерлерге төседі.
Жалпы, халық пен аумақты су тасқынынан қорғау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.