Үш күн ішінде СҚО полицейлері ұрланған малды иелеріне қайтарды
Үш күн ішінде СҚО полицейлері ұрланған 6 бас қойды иелеріне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлер 27-29 қараша аралығында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, мал ұрлығымен байланысты қылмыстарды анықтауға, жолын кесуге және ашуға бағытталған жұмыстарды күшейтілген түрде жүргізді. Мал мен ет тасымалдайтын автокөліктер, облыс базарларында ет сататын пункттер тексерілді. Ветеринария саласында 21 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ауыл шаруашылығы жануарларын бағу қағидаларының бұзылғаны үшін 97 хаттама толтырылды.
– Сондай-ақ жедел-профилактикалық іс-шараның үш күнінде бұрын жасалған 4 мал ұрлығы ашылды, оның ішінде Жамбыл ауданында қора-қопсыдан ұрланған 4 қой және Ақжар ауданында ұрланған 2 қой бар. Ауыл тұрғындары өз мүлкін қорғау бойынша барынша шаралар қабылдауы қажет. Еркін жайылымға жол бермеген жөн, қора-қопсыға мықты құлыптар орнатқан дұрыс. Жыл басынан облыста 20 мал ұрлығы тіркелді, оның 14-і ашылды. Иелеріне 55 бас мал қайтарылды, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.