«Вакцинация паспортының құны 20 мың»: ШҚО-да бірден бес адам ұсталды, оның ішінде дәрігерлер мен делдалдар бар
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері вакцинация паспорттарын заңсыз дайындау және сатумен айналысқан бір топ адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жолы тәртіп сақшыларының назарына Өскемен қаласындағы емханалардың бірінің екі дәрігері мен үш азаматтық тұлға ілікті. Олар белгіленген ақшалай сыйақы үшін жекелеген азаматтарға вакцинациялау процедурасын өтпестен қызмет көрсетіп отырған.
Деректер базасында ресми тіркелген бұл медициналық құжат үшін азаматтар делдалдарға 20 мың теңге және жеке куәліктерінің көшірмелерін ұсынып отырған. Медициналық мекемеге барудың тіпті қажеттілігі болмаған. Делдалдардың әрқайсысы өзіне 2-3 мың теңгеден қалдырып, ал одан әрі олардың негізгі бөлігі дәрігерлерге «жолданып» отырған. Тергеу қазір бұл схема қай уақыттан бері жұмыс істеп жатқанын және қанша адам вакцинация паспортын жалған жолмен алғанын анықтап жатыр.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша «вакцинация паспорттарын» осындай ресми әдіспен тек 20 азаматқа ғана жасадық деп мәлімдеген, алайда тергеу органының пікірінше, бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
– ҚР ҚК-нің 385-бабы бойынша жүзеге асырылатын сотқа дейінгі тергеу шеңберінде медицина қызметкерлерінің және оларға көмек көрсеткен тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті процессуалды баға берілетін болады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, вакцинация паспортының мәліметтерін осындай жалған және заңсыз жолмен алған барлық азаматтар анықталып, олардан жауап алынуда, – деді ШҚО Полиция департаментінің бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Өңірдің ПД сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша медициналық базаларға енгізілген барлық жалған мәлімет жарамсыз деп танылатынын атап өтті.