Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Данияр Тазабеков: “Полицияда қызмет етуді бала кезден армандадым”

“Қадамдық қолжетімділіктегі полиция” қағидаты бойынша учаскелік инспекторлардың қызметіне ерекше көңіл бөлінуде. Мəртебенің артуымен жауапкершіліктің өскендігі де анық. Осы орайда Polisia.kz редакциясы жұмысына адал, қызметте үздік деп танылған қызметкерлермен оқырмандарды таныстыруды жалғастырады.

Данияр Тазабеков – Тараз қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы. Ол 1994 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. 2016 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет етіп келеді.

– Құқық қорғау саласында қызмет етуді бала кезімнен армандадым. Полиция қызметкерлерін көріп, сол кісілердің қатарында болғым келетін. Қылмыспен күресіп, қоғамға, халыққа қызмет етуді қаладым, – дейді Данияр Нұржанұлы.

Данияр Тазабеков учаскелік полиция қызметкері ретінде күн сайын қоғаммен тығыз байланыс жасайды. Жұмыс күні басталмай тұрып әріптестерімен әр күннің жоспарын құрып, болған оқиғаларды талқылап, шағым-өтініштерді қарап іске кіріседі.

– Учаскелік полиция ретінде тұрғындармен байланысым өте тығыз. Өзіме бекітілген әкімшілік аумақта 102 арнасы немесе тікелей шақыртулар арқылы тұрғындар шақыртып жатады, көмек сұрайды. Сондықтан полиция қызметкері ретінде көмегімді көрсетіп, міндетімді орындаймын, – дейді ол.

Данияр күнделікті қызмет барысында түрлі жайттар болатынын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болып, жауапкершілікті терең сезіну керектігін тілге тиек етті.

Мәселен, биыл 14 наурызда мүмкіндігі шектеулі азамат жоғары қабаттан секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл аумақ Данияр Тазабековтің міндетіне жүктелгендіктен, ол оқиға орнына барып, жоғары қабатқа көтеріліп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматпен тілдесіп, қолдау көрсетіп, ажалдан арашалап қалған.

Полиция қызметкерінің сөзінше, күн сайын осыған ұқсас түрлі жағдайлар болады, сондықтан тұрғындармен сұхбат құру, қылмыс әрекеттерінің алдын алу маңызды.

Жұмыс барысында міндетін жетік орындап, қоғам алдында тынбай еңбектеніп жүрген полиция қызметкері “Батыр шапағаты” медалімен, ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған алғыс хатпен марапатталған.

Отан алдында абыроймен қызмет етуді ең басты парызы санайтын Данияр Тазабеков құқық қорғау саласында жүрген өзге де әріптестеріне табыс және тек жақсылық тілейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру