Заңсыз аңшылықпен айналысқан қызылордалықтар анықталды
Қызылорда облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 ақпан күні сағат 01:00 шамасында Қызылорда облысы ПД Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің және «Охотзоопром» қызметкерлері бірлескен рейдтік жұмыстар жүргізу барысында Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылынан жеті шақырым жерде мемлекеттік тіркеу белгісі жоқ мотоциклді тоқтатқан.
Тексеру барысында мотокөліктен аңшы мылтығы мен прожектор және үш дана қоян денесі алынды. Күдіктілер Жаңақорған ауданының 41 және 37 жастағы тұрғындары болып табылады.
Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабының 1-бөлігімен (Заңсыз аңшылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.