Заңсыз такси жүргізушілері жолаушыларының қауіпсіздігі – СҚО полицейлерінің бақылауында
Заңсыз такси жүргізушілері жолаушыларының қауіпсіздігі – СҚО полицейлерінің ерекше бақылауында, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігін нығайту – облыс полицейлерімен заңсыз такси жүргізушілерін анықтау бойынша өткізілетін рейдтік іс-шаралардың басты мақсаты. Тексерістерге патрульдік полиция батальоны және СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары жолаушылар мен жүктерді тасымалдайтын жүргізушілерден рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексереді. Оның ішінде жолаушылар үшін сақтандыру құжаты – бұл заңнамамен көзделген клиенттердің мүдделерін қорғау шараларының бірі.
– Шындығында, заңсыз тасымалдаушылар жолаушыларының өмірі мен денсаулығы, жүктерінің сақталуы үшін өздеріне еш жауапкершілік алмайды. Полицейлердің тәжірибесінде есірткілік масаң күйде көлік тізгініне отырған заңсыз қызметпен айналысатын жүргізушілер де кездескен. Олардың көліктерінің техникалық жағдайы бақыланбайды. Жеке тасымалдау табыс көзі болып табылатын барлық жүргізушілерді ресми түрде жұмысқа орналасуға шақырамыз – бұл тасымалдаушылардың да, клиентердің де мүдделерін қорғауға септігін тигізеді, – деп тоқтала кетті СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Құқық бұзушылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, полицейлер Қазақстан Республикасына уақытша әкелгендерді қоспағанда, шетелде тіркеуде тұрған автокөліктермен жолаушылар мен жүк тасымалдауға тыйым салынғанын еске салады. Барлығы жыл басынан облыс жолдарында 8 “заңсыз тасымалдаушы” такси жүргізушісі ұсталды.