Жалға алған көлікті ер адам басқа біреуге сатып жіберген
Қарағандылық азамат елорда тұрғынына жалға алған автокөлікті сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 қыркүйек күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Киров полиция бөліміне жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен автокөлік жүргізушімен көліктің жоғалып кеткендігі туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 27 жастағы қала тұрғынының аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен көлікті жалға алу бойынша келісім-шартқа отырғанын және шарт бойынша азамат көлікті 23 қыркүйек күні серіктестікке әкеп беруі тиіс болған.
Жедел іс-әрекеттер барысында полиция қызметкерлерімен 27 жастағы азамат ұсталды. Алайда, оның автокөлікті осыдан алты күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына сатып жіберіп, сондықтан да жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ештеңе бере алмайтын болған соң қашып жүргені белгілі болды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.