Жалған банк қызметкерлері көкшетаулықты 1,5 млн теңгеге алдап кетті
Жалған банк қызметкерлері көкшетаулықты 1,5 млн теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Несиені рәсімдеумен байланысты алаяқтықтың кезекті фактісі 13 шілдеде Көкшетау қаласында тіркелді. 28 жастағы қала тұрғынының мәлімдемесіне қарағанда, бұл күні белгісіз адам оған телефон шалып, ол өзін банктердің бірінің қызметкері ретінде таныстырып, өтініш берушінің атына бірден бірнеше банкте 4 ірі несие берілгенін хабарлаған.
Уайымдаған бойжеткен өзі несиені рәсімдемегенін айтқан, алайда жалған қызметкер жоғарыда көрсетілген несиелердің күшін жоюға уәде берген, бірақ бұл процедура үшін банктің мобильді қосымшасын жүктеу қажет екенін айтқан. Желілік алаяқтардың нұсқауларын бұлжытпай орындаған қала тұрғыны қажетті қосымшаны жүктеп алып, кейін қоңырау шалушының нұсқауы бойынша 1,5 миллион теңгеге несие рәсімдеген. Қаскүнемге сеніп қалған қыз СМС-хабарламамен келген кодты айтқан, сол минутта рәсімделген ақша қаражаты шоттан алынған.
Бірнеше сағаттан кейін банктің жалған қызметкерімен қайтадан байланысу мүмкін болмаған соң, өтініш беруші желілік алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінді.
Аталған факті бойынша Көкшетау қаласының Полиция басқармасы ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
Полицейлер интернет-алаяқтарды анықтауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.