Жалған чек жасау арқылы екі рет телефон “сатып алған” астаналық анықталды
Астана тұрғыны жалған чек жасау арқылы екі IPhone телефонын иемденген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған құқық бұзушылықпен күресу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған “Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында алаяқтық жасаған 21 жастағы жас жігіт анықталды.
Тергеу барысында Есіл ауданы ПБ-ның криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен сатушыға жалған ақша аударымы туралы чегін ұсынып, құны 310 мың теңге тұратын IРhone маркалы телефонын онлайн режимде сатып алған 21 жастағы жас жігіт әшкереленді. Тауарды алып кету үшін ол курьерлік такси қызметін жіберген. Сатушы еш күдіктенбей, телефонды берген. Күдікті тауарды алған соң, оны басқа дүкенге сатып жіберген.
Оның осыған ұқсас тағы бір фактіге қатысы бар екені анықталды. Дәл осы жәйт сияқты, ол құны 578 мың теңге тұратын айфонды иемденіп, оны басқа дүкенге сатып жіберген.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.