Жамбыл облысы ПД бастығы тұрғындарға есеп берді
Жамбыл облысы ПД бастығы тұрғындарға есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов өңір тұрғындарына онлайн-режимде атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Бұл туралы ол өзінің «Facebook» парақшасында жазды.
– Бүгін облыс тұрғындарымен онлайн-форматта есеп беру кездесуін өткіздім. Жамбылдықтар «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде маған сұрақтар қойды. Шамамен бір сағатқа созылған тікелей эфирге үш мыңға жуық адам қатысты.
Азаматтарды 2020 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындыларымен таныстырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және өңірдегі қылмысқа қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар еттім.
Тұрғындардан 100-ден астам өтініш түсті. Олар негізінен қалта ұрлығы, интернет-алаяқтық, жол қауіпсіздігі, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, сондай-ақ әкімшілік заңнамаларға қатысты болды. Кейбір сұрақтарға жауаптар тікелей эфир барысында берілді. Қалған сауалдар зерделеніп, өтініш берушілерге міндетті түрде толық жауаптар берілетін болады, – деп атап өтті Ж. Сүлейменов.