Жамбыл облысы ПД «CyberPol» интернет-алаяқтықпен күрестің жаңа жобасын таныстырды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасын орындау мақсатында Тараз қаласының полиция басқармасы 1-ші полиция бөлімінің ғимаратында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің және ПД бастығы Арманбек Баймурзиннің қатысуымен «CyberPol» пилоттық жобасы іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға прокуратура өкілдері, банк басшылары мен қауіпсіздік қызметтері қатысты.
Жамбыл облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Алмаз Саламатов жаңа жобаны таныстырып, бөліністің заманауи цифрлық зертханасының басымдықтары туралы айтып берді.
Бағдарламаның мақсаты – цифрлық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл, басқаша айтқанда, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес.
«CyberPol» тобының құрамына тергеушілер, жедел уәкілдер және криминалист-мамандар кіреді.
Арнайы бөліністің жұмысы екі негізгі бағыт бойынша жүргізіледі: халық арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және әрбір қылмыстық іс шеңберінде жедел-іздестіру іс-шараларының толықтығын қамтамасыз ету.
Ағымдағы жылы өңірдегі киберполиция қызметкерлері 28 кәсіби алаяқты ұстады. Олардың 16-сы – басқа облыстардың тұрғындары.
Алаяқтар өз мақсаттарына жету үшін қолданатын 190 «дроппер» анықталды.Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 6 айында Жамбыл облысының аумағында интернет алаяқтықтың 90 дерегі тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыстардың 40,8%-ға төмендеу көрсеткіші байқалады.