Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында "Есірткісіз болашақ" атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті

Жамбыл облысында "Есірткісіз болашақ" атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Байзақ ауданының Түймекент ауылындағы Түймекент атындағы орта мектеп базасында жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған "Есірткісіз болашақ" атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті.

Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Байзақ аудандық полиция бөлімі, Байзақ ауданының ішкі саясат және білім бөлімдері, аудандық емхананың Жастар денсаулық орталығы, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі – "Нығмет нұры" қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

Турнирдің негізгі мақсаты – мектеп оқушылары мен жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, құқықтық сауаттылықты арттыру және дәлелді пікірталас мәдениетін дамыту.

Зияткерлік сайысқа Жамбыл облысының аудандары мен облыстық маңызы бар қаладан келген 14 команда қатысты. Пікірсайыс барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, шешендік шеберлігін және белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Олар нашақорлықтың алдын алу, жастардың өз болашағына деген жауапкершілігі және есірткісіз қоғам қалыптастыру мәселелерін талқылады. Турнир мазмұнды әрі тартысты жағдайда өтіп, командалардың ой-пікірлері тереңдігімен және дәйектілігімен ерекшеленді.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Сыздықова Айзере мен Еркінбай Іңкәрден құралған "Фемида" командасы иеленді. Екінші орын Ақжолтай Еркеназ бен Әкімжан Таңшолпан өнер көрсеткен "Ой шебері" командасына бұйырды. Ал үшінші орынды Жолмаханова Ақбота мен Холдарова Аруназдан құралған "Байзақ жастары" және Яльгашбай Айару мен Аманжан Амангүлден құралған "Ұшқыр ой" командалары өзара бөлісті.

Арнайы номинациялар бойынша Ниязхан Гаухар "Турнирдің үздік спикері", Бақытжанқызы Қарақат "Үздік спикер", ал Тоқтарбай Балауса "Үздік төреші" атанды.

Жеңімпаздар, жүлдегерлер және арнайы номинация иегерлері дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Осындай іс-шаралар жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасты нығайтуға, сондай-ақ салауатты әрі қауіпсіз өмір салты құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді.

Полиция алдағы уақытта да есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және жас ұрпақты есірткінің зиянды әсерінен қорғауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру