Жамбыл облысында ірі көлемде есірткі тасымалдаған елордалық ұсталды
Жамбыл облысында ірі көлемде есірткі тасымалдаған Нұр-Сұлтан тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Қарасора-2022″ республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, патрульдік полиция батальонының, ПД Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері қатарынан құралған мобильді топ Жамбыл облысының аумағына кіретін және шығатын автокөлік құралдарын тексеру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізуде. Осындай іс-шараларды жүргізу кезінде Алматы-Екатеринбург республикалық маңызы бар тас жолының 360-шақырымындағы Мойынқұм ауданы Шығанақ кентінің жанында Нұр-Сұлтан қаласының 41 жастағы тұрғынының басқаруындағы ВАЗ-21014 автокөлігін тоқтатты.
Тея қызметтік-іздестіру итімен бірге автокөлікті тексеру барысында көлік салонынан ақ полиэтилен пакеті табылып, тәркіленді. Оның ішінде жалпы салмағы 3 келі 30 грамм болатын гашиш табылды.
Күдікті өз кінәсін толық мойындады, Қордай ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
– Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта аталған қылмысқа басқа да тұлғалардың қатыстылығын анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде, – деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.