Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші ұсталды

Жамбыл облысында көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Меркі ауданының полиция қызметкерлері аумақты патрульдеу кезінде сағат 09:30 шамасында Сарымолдаев ауылында жол ережесін бұзғаны үшін Тұрар Рысқұлов ауданының 26 жастағы тұрғынының басқаруымен Volkswagen Jetta көлігі тоқтатты.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері 2021 жылдың қаңтарында жүргізушінің сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан жеті жылға айырылғанын анықтады. Соған қарамастан, ол көлікті мас күйінде басқарып келе жатқан.

Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Аталған құқық бұзушылықты жасағаны үшін бес мың АЕК-ге дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері көлікті мас күйінде басқарудың 267 дерегін тіркеді. Осы санаттағы құқық бұзушылардың жалпы санынан 10 жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады, 16 адам қайтадан мас күйінде көлікті жүргізген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру