Жамбыл облысында масаң күйде көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды
Жамбыл облысында масаң күйде көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаратау қаласы көшелерінің бірінде патрульдік полиция тобының инспекторларымен жол қозғалысы ережесін бұзған, жергілікті тұрғынның басқаруындағы Сherry Tiggo 7 автокөлігі тоқтатылды.
Жүргізушімен сөйлесу барысында полиция қызметкерлері одан алкогольдің иісі шығып тұрғанын байқады. Медициналық куәландырудың қорытындысы бойынша ер адамның орташа дәрежелі мас күйінде болғаны расталды.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Талас аудандық сотының қаулысымен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Көлік айыптұраққа қойылды.