Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда сотталған әке 5 жылдан кейін қызымен кездесті

Қарағандыда сотталған әке 5 жылдан кейін қызымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №36 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған 5 жылдан кейін қызымен қауышты. 2018 жылы ер адам өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіргені үшін ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, сотталды. Екі қыз анасымен қалды. Алайда уақыт өте қыздардың анасы өмірден өтті. Ал кіші қызы Қарағанды қаласының балалар үйіне орналастырылды. Осы жылдар ішінде әкесі телефон арқылы қыздарымен байланыста болды. Жасақ бастығымен әңгімелесу кезінде ол балалар туралы, олардың өміріндегі оқиғалар туралы жиі айтқан. Мекеме әкімшілігі балалар үйіне әкесінің қызымен кездесуін ұйымдастыру туралы хат жолдаған. Оған балалар үйінің директоры келісім берді.

Сотталған алдағы кездесуге мұқият дайындалып, ойын алаңын абаттандыру үшін көлік дөңгелектерінен “Миниондар” мультфильмінің кейіпкерлерін жасады, сонымен қатар қызына тәтті сыйлық дайындады.

– Әсерлі кездесуде көзімізге жас келді. Отбасылық құндылықтарды бойға сіңіру – сотталғандарды түзету бойынша тәрбие жұмысындағы маңызды сәттердің бірі саналады. Сотталған адам ақылы жұмысқа орналасады, соның арқасында қыздарына материалдық көмек көрсетеді. Сізді керек ететін, күтетін адамның бар екенін сезіну, білу –  өміріңізді жақсы жаққа өзгертуге серпін береді, – деп атап өтті Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД қызметкері Ербол Шайкенов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру