Жамбыл облысында қос отбасыға көмек көрсетілді
Жамбыл облысында мерекеде қос отбасыға көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.
Ел үшін елеулі мерекеге айналған бұл күнде ел көлемінде түрлі шаралар өтеді. Олардың арасында қайырымдылық жасауға бағытталғандары да аз емес. Мәселен, күні кеше Тұңғыш Президент күніне орай Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінің қызметкерлері игі іске себепкер атанды.
Мекеме бастығы Ерлан Оразгелдиевтің бас болуымен, мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әміржан Дәулетқұловтың ұйымдастыруымен игі шара аясында мекеме қызметкерлері әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасына көмек көрсетті.
ҚАЖ саласы қызметкерлері жәрдемдескен жанұяда бес бала бар. «Өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізе алмай жүрген отбасы тағы бір жанұямен бірлесіп өзге біреудің үй алдындағы кішкене сарайын жалдап тұрады екен.
Бес баланың анасы денсаулығына байланысты жұмысқа жарамайтын болғандықтан, балалардың да жағдайын жайлы етуге де шамасы болмай келеді.Осының барлығын ескере отырып, түзеу мекемесінің атынан екі отбасына да теңдей көлемде азық-түлік алынды.
Өз кезегінде жәрдем алған жанұялар жүрегі жылы азаматтарға алғысын білдіріп, ақжарма тілектерін жаудырды.