Жамбыл облысында қылмыс деңгейі төмендеді
Жамбыл облысында қылмыс деңгейі 30%-ға төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының Полиция департаментінде жедел кеңес өткізіліп, 2020 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары талқыланды. Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов облыста қылмыс деңгейі төмендегенін айтты.
Өткен жылғы барлық қиындықтарға қарамастан, Жамбыл облысы Полиция департаментімен 2020 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша өңірде қылмыстың айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыс деңгейі 30 пайызға төмендеді. Аса ауыр қылмыстар саны 23,1%-ға, зорлау оқиғалары 22%-ға азайды. Аса ауыр қылмыстардың ашылуы 93,1% – ды құрады.
Кешенді іс-шаралардың нәтижесінде пәтер ұрлықтарының саны 40,8%-ға, қалта ұрлығы 58,4%-ға, ұялы телефон ұрлығы 48,6%-ға және мал ұрлығы 23,6%-ға төмендеді.
Сондай-ақ, тонау қылмыстары 22,6%-ға, қарақшылық 17,6%, автокөлікті айдап әкету 20%-ға, бұзақылық – 31,9%-ға және қорқытып алу деректері 42,9%-ға азайды.
Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар 35,2%-ға төмендеді. Сонымен қатар, қару қолданумен жасалған қылмыстар 40%-ға және масаң күйде жасалған қылмыстар 25,4%-ға азайған.
Бір жыл ішінде 815 есірткі қылмысы анықталды. Заңсыз айналымнан 3 тонна 278 кг әртүрлі есірткі құралдары тәркіленді. Тұрғындарға синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысатын 58 интернет-сайт бұғатталды. Қала көшелерінде 998 граффити жазбалары жойылды.
Полиция департаменті қызметінің маңызды бағыттарының бірі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала береді. Есепті кезеңде облыстың автожолдарындағы жол-көлік оқиғаларының саны 23%-ға төмендеді.
Департамент қызметінің барлық жекелеген бағыттары бойынша оң динамика тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз етусіз мүмкін болмас еді. Өткен жылы автокөліктер, бейнетіркегіштер, жеке қорғану құралдары сатып алынды.
– Жалпы, полиция қызметінің тиімділігіне азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысуы, олардың құқық қорғау органдарына көмек көрсетуі аса маңызды рөл атқарады. Жамбылдықтар өздерінің азаматтық ұстанымын таныта отырып, қоғамдық тәртіпті жақсартуға өз үлестерін қосуда. Алдағы уақытта да біз барлық қиындықтарды бірге еңсеретінімізге сенімдімін, – деп атап өтті ПД бастығы.