Жамбыл облысында волонтерлер Кинология орталығын аралады
Жамбыл облысында волонтерлер Кинология орталығын аралады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
LIDER.KZ іздеу қозғалысының волонтерлері Жамбыл облысы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығына экскурсияға барды. Іс-шараны ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды.
Волонтерлер нұсқаушы-кинологтармен, қызметтік иттермен танысты. Оларға Кинологиялық қызмет орталығының жұмысы туралы айтылды. Қонақтар құқық қорғау органдарының төрт аяқты көмекшілерінің көрсетілімдерін тамашалады. Көрсетілім барысында есірткіні алмастыратын арнайы ұнтақтар қолданылды.
Криминалистикалық одорологияға (одорология - иістер туралы ғылым) мамандандырылған Лоя және Бава атты қызметтік иттер есірткі іздеу бойынша өз дағдыларын көрсетті.
Полиция қызметкерлері қонақтарға "Есірткісіз болашақ" тақырыбында дәріс өткізді.
- Иттер адамдарға пайдалы көптеген функцияларды орындай алады. Олар қылмыстарды ашуда және тергеуде қажет. Бұл иттердің әрқайсысының есебінде ұсталған қаскүнемдер, ашылған қылмыстар, табылған есірткі немесе жарылғыш заттар бар, - деп атап өтті Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Асқар Жұмабеков.