Жамбыл облысының тұрғынына қатысты бес хаттама толтырылды
Сарысу ауданының Саудакент ауылында жол бойында қауіпті жағдай туғызып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған және полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, көлік құралын есірткілік масаң күйде басқарған 40 жастағы азамат 20 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері көшелерді патрульдеу кезінде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін «Volkswagen Passat» маркалы автокөлігінің жүргізушісіне тоқтау туралы белгі береді, алайда Саудакент ауылының 40 жастағы тұрғыны полицейлердің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамай, жүрісін жалғастыра берген.
Полиция қызметкерлері автокөліктің соңынан қуып жетіп, құжаттарын тексеру барысында оның көлік құралын басқару құқығын беретін құжаттарының жоқтығы анықталды, сондай-ақ оның іс-әрекеті мен сөйлеген сөздері күдік тудырып, сараптама тағайындалған. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесіне сәйкес, оның есірткі тұтынғаны белгілі болды.
«Құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 595-бабының 1-бөлігі, 606-бабының 1-бөлігі, 608-бабының 6-бөлігі, 612-бабының 2-бөлігі және 613-бабының 1-бөлігі бойынша бес хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл тағайындалды, сонымен қатар ол сот шешімінің негізінде 20 тәулікке қамауға алынып, көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылды», – деп хабарлайды Сарысу ауданының ПБ бастығы Асхат Алметов