Жамбылдық полицейлер оқушылар үшін тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия ұйымдастырды
Жыл сайын 26 маусымда аталып өтетін халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған айлықтың аясында Жамбыл облысында күн сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алдын алу жұмыстарымен қатар, облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері балалардың бос уақытына, олардың жалпы рухани дамуына ерекше назар аударып жатыр.
Бұл жолы полицейлер облыстың білім басқармасы мен»Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, оқушыларға арналған облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия ұйымдастырды.
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1931 жылы ашылды. Өлке тарихын хронологиялық тәртіпте қамтитын төрт көрме залы бар, атап айтқанда «Тарихи кезеңге дейінгі аралық», «Тараз қаласының тарихы», «Қазақ халқының этнографиясы» және «Кеңестік кезең және Тәуелсіздік жылдары». Бүгінгі таңда мұражай қорында 70 мыңға жуық бірегей экспонат бар.
Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған экспозиция оқушыларға ерекше әсер қалдырды.
Экскурсия соңында полицейлер балаларға балмұздақ таратты.
– Бүгінгі таңда облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қаланың басты көрікті жерлерінің бірі. Ол жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Мұражайлар орасан зор құндылықтарға ие, өйткені олар біздің халқымыздың бай өткен тарихы туралы шынайы ақпаратты болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдер мен жастардың тыйым салынған заттарды қолдануының алдын алуда осындай іс-шараларға баса назар аударуға тырысады. Нашақорлық мәселесі туралы сөз қозғай отырып, біз спортпен шұғылдану, белсенді,салауатты өмір салтын ұстану, бос уақытты тиісінше қызықты, тиімді өткізуге, мәдени іс – шараларға қатысу сияқты пайдалы іс-шаралар өткізуге шақырамыз, – деп атап өтті облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.