Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылдық полицейлер қаза болған әріптестерін еске алды

Бүгін Жамбыл облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен “Халық Қаһарманы” Ғазиз Байтасовты және қызмет бабында қаза болған басқа да полиция қызметкерлерін еске алуға арналған іс-шаралар өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында Б.Момышұлы атындағы “Жеңіс” саябағында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сөнтаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин, ішкі істер органдарының ардагерлері және Ғазиз Байтасовтың отбасы мүшелерінің қатысуымен қызмет бабында қаза болған қызметкерлердің рухына тағзым етіліп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Жиналғандар батыр полицейлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Жалпы, Қазақстан полициясы құрылғалы бері облыс көлемінде қызмет бабында 71 полиция қызметкері қаза болыпты. Олардың әрқайсысы өз істерімен кейінгі жастарға, әріптестеріне антқа адалдықтың үлгісін көрсетті. Біз әріптестеріміздің ел тыныштығы жолындағы ерліктерін әрқашан үлгі етеміз, құрметтейміз. Осы мақсатта ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырысымен полиция капитанының ерлігіне арналған “Ғазиз” атты кітап жарық көрді. Бұл өз кезегінде батыр есімінің ел есінде, тарихта қалуына аз да болса үлесін қосады деп есептеймін, – деді министрдің орынбасары Қайрат Сөнтаев.

– Біздің отбасымыз Полиция департаментіне, Ғазиздің әріптестеріне және оны еске алушыларға үлкен алғыс білдіреді. Сіздер қиын сәттерде бізді қолдап, қамқорлық танытып, ерекше көңіл бөліп келесіздер, – деп сөз сөйледі батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиева.

Содан кейін Ішкі істер министрінің орынбасары және облыстық ПД басшы құрамы мен қызметкерлері Ғазиз Байтасовтың шаңырағында болды. 

Одан соң полиция генерал-лейтенанты жаңа техникалармен жабдықталған, кең ауқымды мүмкіншіліктері бар бағдарламалармен қамтамасыз етілген Жедел басқару орталығының қазіргі жаңғыртылған жай-күйімен танысты.

Сонымен қатар Қайрат Сөнтаев Ғазиз Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигонына барып, арнайы техникалармен және құрал-жабдықтармен танысты. ПД-ның арнайы мақсаттағы бөліністерінің демонстрациялық қойылымдарын көрді.

Бұдан бөлек еске алу іс-шараларының аясында облыс көлеміндегі күштік құрылымдарынан құралған 19 команда арасында шағын футболдан жарыс өткізіліп, велошеру ұйымдастырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру