Жамбылдық полицейлер жыл басынан бері 210 бірлік қару тәркіледі
Жамбылдық полицейлер жыл басынан бері 210 бірлік қару тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының полиция департаментімен қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған және заңсыз сақталған қаруды іздеп, тәркілеу бойынша күшейтілген жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Жыл басынан бері полициямен 210 бірлік қару тәркіленді, оның 37-сі 2022 жылдың қаңтарында ПД қоймасынан ұрланған, сондай-ақ 3674 оқ-дәрі алынды. Қару-жарақтың негізгі бөлігі жасырын көмілген орындардан анықталды, – деп хабарлады Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев.
Мәселен, 9 мамыр күні Тараз қаласындағы зираттан қару-жарақ табылды. Полицейлер 16 калибрлі ИК-18 бір ұңғылы аңшылық мылтық, 16 калибрлі 700 АТМ-У екі ұңғылы аңшылық мылтық және МР-79-9 МТ травматикалық мылтығын тәркіледі.
Тағы бір қару жасырылған орынды полиция қызметкерлері Тараздағы ескі бос ғимараттан тапты. Қаптың ішінен 16 калибрлі ИЖ-26 қос ұңғылы аңшылық мылтық, 16 калибрлі ИЖ-17 бір ұңғылы кесілген аңшылық мылтық, патрондары бар ИЖ-СПЛ-01 тапанша табылды.
Сондай-ақ облыс орталығындағы темір жолдардың жанынан 16 калибрлі ИЖ-ЗК бір оқпанды аңшылық мылтық, Байкал травматикалық тапанша, Скорпион электрошокері және 27 оқ-дәрі табылды.
Ішкі істер органдарында тіркелмеген қаруды құқық бұзушылар негізінен шаруа қожалықтарының аумағында сақтайды. Мамыр айының басында Жамбыл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Ақбұлым ауылының шетіндегі шаруа қожалығының аумағындағы сарайдан 16 калибрлі ИЖ бір оқпанды аңшылық мылтығын тауып, тәркіледі.
Барлық деректер бойынша сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр. Қаруды іздеу және заңсыз айналымнан алу жұмыстары жалғасып жатыр.