Жамбылдық ҚАЖ қызметкері жоғалған телефонды иесіне қайтарып берді
Жамбылдық ҚАЖ қызметкері жоғалған телефонды иесіне қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласының Нұрлан есімді тұрғыны өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкеріне ағасының жоғалған ұялы телефонын тауып, қайтарғаны үшін алғыс айтты.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/1 мекемесінің контролері Медет Бекмұрат 20 тамызда Төле би көшесінің бойымен кетіп бара жатып, Iphone X ұялы телефонын тауып алған. Әділет сержантының айтуынша, ол ойланбастан жоғалған байланыс құралын иесіне қайтарып беруді ұйғарған.
– 20 тамыз күні кешкі сағат 21:00 шамасында №12 мектептің маңынан өтіп бара жатып, ұялы телефон тауып алдым. Сол сәтте-ақ жоғалған затты өз иесіне табыстауға бел будым. Алайда, ұялы телефонда пин код орналатылғандақтан, оны ашу мүмкін болмады. Арада 30-40 минуттай уақыт өткенде иесі хабарласып, телефонын жоғалтып алғанын, қайтарып беруімді сұрады. Кейін ол кісімен жолығып, ұялы телефонын табыс еттім, – дейді М. Бекмұрат.
Өз кезегінде, жоғалған заттың иесі ризашылығын білдіріп, ҚАЖ саласының қызметкеріне белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты.