Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жасақ бастығына айналған журналистің бір күні

ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған “Погонды журналист” жобасына қатысқан тілші тәртіп сақшысының нысанды киімін киіп, өзіне бекітілген қызмет түрі бойынша бір күнге мамандығын алмастырады. БАҚ-пен өзара байланысты арттыратын бұл жоба – тілшілердің “жанды” материал дайындауына таптырмас мүмкіндік. Бекітілген жоспарға сәйкес “Сақшы” газетінің тілшісі Гауһарай Есімова елордалық түзеу мекемесіндегі жасақ бастығының жұмысымен танысып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Студент кезімізде оқытушыларымыз журналистика деген әмбебап мамандық екенін есімізге жиі салатын. Әртістер қойылымда түрлі образда болса, журналистер қалам ұшына түрлі кейіпкерді арқау етеді.  Университетте заңнамаға қатысты пәндерден дәріс оқитын оқытушымыз Аягөз Қожамырзақызы бізге сан қилы оқиғаларды баяндап беретін. Сонда біз де сол журналистер секілді түрлі кейіпкер кейпіне еніп, жанкештілікке барсақ деп армандайтынбыз…

Бірде бір кітаптың желісі бойынша еміс-еміс есінде қалған мына оқиғаны айтып берді. Бір журналистің досы түрме бастығы болады. Оған шытырманға толы шимай-шатпақ жазғысы келген жолдасы өтініш айтып, өлім жазасына кесілген қылмыскермен бір “камераға” қамауын өтінеді. Сөйтіп бұның да барлық құжаттарын реттеп, ату жазасына кесілген қылмыскер кейпінде бір күнге сұранған жеріне жібереді. Ол бір түн бойы қасындағы өлім жазасына кесілген қылмыскермен әңгіме-дүкен құрып, оның басынан өткен жағдайға қанық болады. Келісім бойынша ертесіне түрмеден шығатын уақытта айдауыл оған түрме бастығының қайтыс болғанын естіртеді. Ал оның кінәсіз екенін түрме бастығы екеуінен басқа ешбір жан баласы білмейді. Ол сол сәтте ақтала алмайтынын біліп, нала болады. Бір күннің ішінде өлім жазасына кесілген адамның тағдырымен танысқанымен, оның тағдыры өз басына келетінін ойламаған еді. Ауыр ойдың арасына көміліп, шашы бір-ақ күнде ағарып кетеді. Өлім жазасына кесілген қылмыскердің әңгімесін тыңдаған журналист енді  өлімге апаратын сезімді сезіне бастайды. Сөйтіп ертесіне қайтыс болды деген досы журналисті түрмеден шығарып, шынайы шығарма жазу үшін бәрін шынайы қабылдау керегін айтады. Ол сол қылмыскердің ішкі тебіренісін түсіну үшін осындай қадамға барғанын жеткізген. “Болмасаң да, ұқсап бақ” деп Абай атамыз айтқандай, түзеу мекемесіндегі тіршілікпен танысу үшін жасақ бастығымен бірге сотталғандардың бір күндік тірлігіне шолу жасау бізге де бұйырыпты.

Журналист жолға шықты

Жасақ бастығының бір күндік жұмыс барысымен танысу мақсатында Астанадан Аршалыға жүйткіп келеміз. Астана іргесіндегі бұл ауылда №2 республикалық мемлекеттік түзеу мекемесі бар. Бұл орында көбіне қайталама қылмыс жасағандар қамалған.

Бұрындары әжем “Көк есікті көрсетпесін” деп отыратын. Расында, сотталғандар отыратын жерге барам дегенше екі рет тексерістен өтіп, үш-төрт есікті артқа қалдырдық. Қасымда еріп келе жатқан Әсет деген әділет майоры менен “Қорықпайсыз ба?” деп сұрады. Мен бұл жерге осымен үшінші рет келіп тұрғанымды, бұған дейін де репортаж жазу үшін бірнеше түзеу мекемесінде болғанымды айттым. Бойымды қорқыныш билемесе де, іштей үрей болғанын жасырмаймын. Сол себепті мұндай жабық мекемеге барғанда қату қабақпен жүріп, ешкімнің көзіне тіке қарамауға тырысамын. Сұқтанған көздерден өзімді сақтағым келеді. Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдыр иелеріне, олардың өмір жолына қатысты ештеңе айта алмаймын. Абзалы да сол. Тек менің басты міндетім – жасақ бастығының жұмысын жұртқа жария ету.

Аршалыдағы түзеу мекемесінде бүгінде 550 сотталған азамат бар. Негізі, мекеме 630 адамға арналған. Барлығы – 11 жасақ. Мен сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бойынша жасақ бастығы, әділет капитаны  Шапағат Талғатұлына еріп жүріп, қызметтік тапсырманы қалай орындайтынына көз жүгіртемін. Ол мекемедегі 10, 11 жасаққа жетекшілік етеді. Жасақ бастығының жұмысы бәрімізге таныс мектептегі сынып жетекшісінің қызметі секілді. Ол сотталғандарды таңғы және кешкі уақытта тексерістен өткізіп, түгендейді. Таңғы, түскі, кешкі астарына ертіп апарады. Егер жеке жағдайына немесе денсаулығына, одан өзге де қажеттіліктеріне қатысты мәселе туындаса, бұл жайлы бірінші жасақ бастығына ескертеді. Сотталғандардың кереуеттегі төсек жабындыларын дұрыс жинауы сияқты ішкі тәртіп ережелерінен бастап шашының алынуы, тазалығы секілді гигиеналық мәселелерге дейін назардан тыс қалдырмайды. Шапағат өзі отызға толмаған жігіт болса да, қос жасақтағы 113 адамның күн тәртібіне жауапты. Сотталғандардың туыстарымен байланысы, ортаға бейімделуі, оқшауланбауы сынды маңызды жайттарды қадағалайды. Жасақ бастығы қызметтік міндетін орындау барысында ҚР Ішкі істер министрлігімен 2014 жылы бекітілген №508, №819 бұйрықтарды басшылыққа алады.

Тордағы тіршілік

Біз дүйсенбі күні бардық. Бұл – сотталғандар үшін еркін кесте күні. Ал сейсенбіде бекітілген кестеге сәйкес моншаға барса, сәрсенбі күні жақындарымен таксофон арқылы сөйлеседі. Дүйсенбіден басқа күндері дүкенге де баруына болады. Жасақ бастығы Шапағаттың жұмысы таңғы сағат 08.00-ден басталады. Бір сағаттан соң таңғы тексерісте жасақ құрамындағы сотталғандарды түгендейді. Ал сағат 10.00-да оларды жеке өтініштері бойынша қабылдайды. Қарап отырсаңыз, сотталғандардың тіршілігі күн тәртібі бойынша бірнеше торға бөлінген кесте аясынан алыстамайды, екінші жағынан өмірлері де темір тордың ішінде.

Самат есімді сотталған азамат мекеме ішіндегі ұзақ мерзімді демалыстан шыққан. Оған Астанадан жұбайы келіп, екі күн соның жанында болыпты. Жасақ бастығы ретінде Шапағат сотталғанның туысқандарымен байланысын сұрап, хал-ахуалын білді. Жалпы жеңілдетілген режимдегі сотталғандар жылына 4 рет ұзақ мерзімді, 4 рет қысқа мерзімді түрде жақындарымен кездесе алады. Ал жұбайымен жолығып келген азамат ұрлық жасағаны үшін жабық мекемеде жазасын өтеп жатыр. Оған берілген мерзім – 3 жыл 6 ай.

Түзеу мекемесіндегі режим үш бағытқа бөлінеді. Олар: қатаң, дағдылы және жеңілдетілген. Шапағат дағдылы және жеңілдетілген режимдегі сотталғандармен жұмыс істейді. Олардың дені – карантиннен шығып, 9 айға дейін түзеу мекемесінің режиміне енді бой үйрете бастағандар. Сотталған азамат жабық мекемеге келген уақытта бірден көп адамның ортасына топ ете түспейді. Алдымен 15 күн бойы карантинде болып, өзі секілді өзге де жаңадан келген соттталғандармен бірге мекеме тәртібімен танысып, соған бейімделеді. Ішкі ережелер, бұйрықтар барлығы осында таныстырылады.

Жасақ бастығы келесі сотталған азаматпен әңгімелесіп, киім үлгісіне қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оған киім үлгісін бұзбауды және оны күтіп ұстауды тапсырды. Сотталғандар мекеме ішінде күнделікті бекітілген киіммен әрі төсбелгімен жүруі шарт. Сотталған азаматтың төсбелгісінде оның аты-жөні мен жасақ нөмірі көрсетіледі.

Кестеге сәйкес жасақтағы сотталғандар түске дейінгі уақыт аралығында мекемені абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Әр жасаққа белгілі бір көлемде бөліп берілген аумақ бар. Соған сәйкес мекеме ішінде тазалық, көркейту жұмыстарын жүргізеді. Кесте бойынша бір күнге жасақтағы 10 адам жауапты ретінде бекітіледі. Олардың бесеуі түске дейін, бесеуі түстен кейін осы шаруалармен айналысады.

Тар қапасты көзбен көрдік…

Жасақ бастығымен бірге сотталғандардың қапасын араладық. Бір қапаста шамамен 15-20 адам жатады. Олардың кереуеттерінің жанында аты-жөні жазылған бұрыштама жабыстырылып тұрады. Дәл кинодан көріп жүргеніміздей, кереуеттер жоғары-төмен орналасқан. Шағын жеке шкафтары кереуеттерінің жанында. Ал қапас есігінде кезекшілік кестесі ілінген. Онда кестеге сай кезекшілік, өзге де ережеге сай кестелер бекітілген. Сонымен қатар намаз оқитындарға арналған кесте бар.

10, 11-жасақ бойынша 40 адам жұмыс істейді. Олар таңғы тексерістен кейін үлкен және кіші аймақ бойынша өндіріс орындарына бөлінеді. Ағаш шебері, дәнекерлеуші, аяқ киім шебері сынды қолынан келетін кәсібіне қарай еңбек етеді. Солардың бірі – Фаустов деген сотталған. Ол аяқ киім шеберханасында тігін тігеді. Шеберханада 7-8 адам аяқ киімнің түрлі бөліктерін дайындайды, яғни қызметтерін бірнеше бөлікке бөліп алған. Табыстары да соған сай түсіп, соған сәйкес бөлінеді. Ал сотталғандардың кейбірі тұрақты жалақыға жұмыс істейді. Мұндағылардың басым көпшілігі қолына түскен қаражаттың жартысына мемлекеттік өтемақысын төлеп, артылған жағдайда азын-аулақ болса да отбасына жіберіп отырады.

Сотталғандардың таза ауа жұтып, демалатын орнына да көз жүгірттік. Кісі қанын мойнына жүктеп, кісі затына көз сатқандардың арасында терең күрсіністі сезінесің. Ерсілі-қарсылы жүр. Не болса да, бәрі іштерінде. Бәлкім, еркіндіктің, уақыттың, ағайын-туыстың, жолдас-жораның қадірін олар бізден артық түсінетін болар?! Біреулер топтасып, енді біреулер бір өзі орындықта отыр. Байқағаным, істі болғандардың көбі басын төмен қаратып жүреді. Көбі адамға көзінің астымен қарайды. Бір нүктеге қадалып, терең ойдың жетегінде жүргендері де бар. Олардың жанарынан өздерін іштей жеп, сот жазасынан бөлек, ар жазасын қатар өтеп жүргенін аңғаруға болады. Ал кейбірінің жүзінен ештеңе оқи алмайсың. Бірақ барлығының көңілі көк жайлауда емес екені көрініп тұр. Жасақ бастығы орындықта жалғыз өзі ойға шомып отырған, бірақ жүзінен бір жұбанышы бар егде жастағы кісінің жанына тоқтады. Шапағат Талғатұлы осыдан 6-7 ай бұрын Дәулетов деген сотталғанның отбасын құрғанын айтты. Жасы – 60-та. Өзінің бұрынғы сыныптасымен көңіл қосқан.

– “Отбасы адамның – тірегі” деп жатады. Сол рас екен. 50 жылға таяу уақыттан соң сыныптас қызыммен қосылып, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастадым. Кеудем қуанышқа толы. Бақыттымын. Өз мүмкіндіктерімді пайдаланып, бірнеше рет кездестім, – дейді сотталған Дәулетов.

Қасымдағы жасақ бастығынан бұл азаматтың мұнда қалай тап болғанын сұрадым. Ол досымен бірге ішімдік ішіп, мас күйінде адам өлтіргенін айтты. Досы екеуі күре жолдың бойына шығып, таксиге отырған. Такси жүргізушісімен сөзге келіп, ерегіскен. Ашу мен қарсыласудың соңы такси жүргізушісінің өлімімен аяқталған. Үшінші рет сотталған азамат сот үкімімен 19 жылға бас бостандығынан айырылған. Бүгінде жазасының бір жылдан аса уақытын өтеген.

Таза ауада тыныстап жүргендермен қатар, орындықта нарды ойнап отырған екеуге де көзіміз түсті.

Жасақ бастығының айтуынша, жасақтағы 100-ден аса адамның 30%-ы үйленген.

Оқуға ешқашан кеш емес

Әділет аға лейтенантының оқалы киімін киім алып, капитанның жұмысымен танысып келеміз. Егер ішкі істер саласында жұмыс істесем, шені менен бір саты жоғары болғандықтан, жолы да менен үлкен болары белгілі. Бірақ журналист болғасын қай жерге барсақ та, шен-шекпеніне қарамай, сол саланың қыр-сырын кеңінен түсіндіреді. Жасақ бастығының бұл мекемеде жұмыс істегеніне төрт жыл болған.

Жасақта орта мектепке және колледжге баратын азаматтар кездеседі. Олардың арасында түзеу мекемесіне ерте түсіп, содан әлі хат танымай жүргендер бар. Мұнда сөздің басында айтып өткеніміздей, бірнеше рет қылмыс жасағандар отырады. 9 сыныптық орта білімді аяқтауға ниетті 4-5 сотталған оқып жүр екен. Одан бөлек колледжде бес адам дәнекерлеуші, тас қалаушы сынды сұраныстағы мамандықтар бойынша білім алып жүр. Мұнда кітапхана да бар. Кітап қоры – 5 мыңға жуық. Көркем әдебиеттен бастап түрлі жанрдағы шетелдік әдебиетке дейін жолықтыра аласыз. Сеніміңізге байланысты діни әдебиет те, салалық дамуға жол ашатын бейнелеу өнеріне қатысты құнды қазынаны да табасыз. Сондай-ақ жұмыс үстелінің бетінде тұрған “Заң” мен “Казахстанская правда” газеттерінің тігінділеріне де бір үңіліп өттік. Ескі кітаптармен қатар, кітапхана сөрелеріне жаңа кітаптарға да орын берілген. Кибербуллингке қатысты әлі парақтала қоймаған орыс тіліндегі кітапқа да көзіміз түсті.

Кітапхана асханадан алыс емес екен. Түскі ас уақытында жасақ сапқа тұрады. Әр жасақ өз уақытында асханаға саппен барады. Жасақтағыларды тексерген кезде олар бас киімдерін шешіп, аты-жөндерін айтады. Одан соң бас киімдерін қайта киеді. Жасақпен бірге асханаға кірдік. Үлкен үстелдің басына жайғасып, үстел шетіндегілер тұрып, тамақ құяды. Бұл жақта ешкім қуанып отырып, ас ішпейді. Ал киімдері барлығына ортақ қара түсті. Түскі астан кейін жұмыс істейтіндер кешке дейін жұмыс орнында болады. Ал қалғандары түскі ауысымнан кейін кестеге сай әрекет етеді. Түстен кейін мекемені абаттандыру жұмыстары жалғасын табады. Сағат 17.00-де кешкі тексеріске дайындалады, одан соң кешкі ас деп жалғаса береді. Уақыт диірмені бұларды да өз арнасында айналдырып жатыр.

Жасақ бастығынан мұндағы ең ұзақ жылға кесілген сотталушыны сұрадық. Ол осыдан бір жарым ай бұрын босап шығыпты. Қызылордалық азамат үш адамның қанын мойнына жүктеген. Бұрын ату жазасына кесілген. Кейін мораторийге байланысты жазасы 25 жылға ауыстырылған. Межелі мерзімін өтеген соң балалары келіп, шығарып алып кеткен.

Жасақ бастығының жүгі

Міне, біз сөз еткен бұл көріністердің барлығы күн сайын жасақ бастығының көз алдында. Ол айына бір рет сотталғандардың күнделігін толтырады. Егер денсаулық жағдайына байланысты тексерістен өтетін болса, оны алдын ала есепке қояды. Жасақтағы сотталғандарға спорттық шаралар ұйымдастырып, тәрбиелік мәні бар шаралар өткізеді. Күнделікті барлық әрекеттің кестеге сай орындалуын қадағалап, қызметтік міндетін орындайды. Жасақ бастығының жүгі жеңіл емес. Себебі түрлі мінездегі, әрі оқыс әрекеттерге барған, қоғамға қауіпті деп оқшаулаған сотталғандармен күн сайын жұмыс істеу дегеніңіз жоғары жауапкершілікті талап етеді. Оның үстіне  жасақтағылардың көбі Шапағаттың әкесімен жасты адамдар. Сөзіңді өткізетін бала емес, жасы үлкен азаматтардың тәртіпке бағынуын қадағалау оңай дүние емес екенін ұғындық.

Авторы: Гауһарай ЕСІМОВА

Суреттерді түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ

(Сотталғандардың аты-жөні өзгертілген)

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру