Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жастар жанашыры – Перизат Иманова

8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арудың бірі және бірегейі жайлы ақпарат ұсынбақ.

Қазығұрт АПБ ЖПҚ ЮПТ учаскелік полиция инспекторы Перизат Иманова 15 жылдан бері қоғам тыныштығын күзету жолында еңбек етіп келеді. Ерлермен қатар иық тіресіп жүрген қаршадай қыздың жұмысын жерлестері де жоғары бағалайды. Әсіресе, ата-налар мен ұстаздар «Жастар жанашыры», «Жастар тәрбиесін түзеуші» деп біледі.

Перизат Сейітқызының күнделікті жұмысы әрбір мектептегі жастардан хабар алып, профилактикалық жұмыстар жүргізу. Сондай-ақ, орын алған құқықбұзушылықтарды анықтап, тиісті шара қолдану. Бұл бағытта кәсіби маман уақытпен санаспай қызмет атқарады.

– Өткен жылдың менің аймағым бойынша төрт жасөспірімнің заң бұзу дерегі тіркелді. Оның ішінде ұрлық, төбелес бар. Жасөспірімдердің теріс қылықтарының негізгі себебі ретінде ата-аналар мен білім беру мекемелері тарапынан бақылаудың әлсіздігі, жасөспірімдердің бос уақыты тиімді ұйымдастырылмауын айтуға болады, – дейді полиция капитаны.

Перизат Иманова Қазығұрт ауданы қызылқия ауылдық округінде дүниеге келген. Жергілікті жердегі мектепті бітірген соң, Алматы академиясында жоғары білім алды. Ал, еңбек жолында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы болып абыройлы қызмет атқарды. Ал, бүгінде Қазығұрт АПБ ЖПҚ ЮПТ учаскелік полиция инспекторы ретінді қоғам тыныштығын күзетуде.

– Жаңабазар ауылдық окурігне қарасты ауылдар мен елді мекендердегі жасөспірімдер ісі бойынша жұмыс істейміз. Аймағымда 28 мектеп бар. Барлық ұстаздар мен оқушылар жақсы таниды. Жиі-жиі кездесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізіп тұрамын. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылармен де жұмыс жүргізіп, бала құқығын қорғау мәселелеріне көңіл бөлеміз. Оқушылар арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру ұстаздар мен мектеп инспекторының тиімді қызметіне тәуелді, – дейді тәртіп сақшысы.

Перизат Сейітқызы мектепте тұрақты түрде лекциялар мен ашық сабақтарға қатысады. Бастауыш сынып оқушыларына жол қозғалысы ережелерін түсіндірсе, жоғары сынып оқушылары құқық бұзушылықтың салдары, оның алдын алу тетіктері бойынша кең көлемді мәлімет береді. «Заң және жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» тәрізді шараларға да тұрақты түрде қатысып отырады. Одан бөлек, жиналыстар жасап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүргізеді. Ал, бос уақытын балаларына арнайды.

– Жұмыс бабымен қатар, отбасылық тәрбиені де ұмытпаймын. Бес бала өсіріп отырмын. Үш қыз, екі ұлым бар. Бос уақытымды балаларыммен өткіземін. Бірге қыдырамыз, серуендейміз, сабақ оқимыз, – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру