“Жастар. Жігер. Болашақ”: Ақтөбеде жастарға арналған ауқымды форум өтті
Ақтөбеде жастарға арналған ауқымды форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қазанда Ақтөбе қаласында еліміздің жас буынын нашақорлықтың алдын алуға жұмылдыру мақсатында ауқымды форум өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның жылдам таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына себеп болып отыр. Жастарға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін ұдайы түсіндіру қажет” деген сөзі форумның өзегіне айналды.
Полиция департаменті мен білім басқармасының бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен өткен “Жастар. Жігер. Болашақ” атты патриоттық-профилактикалық шара мыңнан аса жастарды жинап, аудандардан қосылған төрт мыңнан астам оқушыны онлайн түрде біріктірді.
Форумның ашылу салтанатында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов сөз сөйлеп, елдің ертеңі болатын жастардың тәрбиесі мен олардың есірткіден, әсіресе синтетикалық есірткіден қорғануының маңыздылығын атап өтті.
Жастардың жүрегіне жол тауып, бойларына жігер ұялатқан спикерлер арасында тележүргізуші Есентүгел Елеукен, мәжіліс депутаты Қазыбек Алишев, эстрада әншісі Нұрболат Абдуллин, айтыскер ақын Қайнар Алагөзов және киноактер Артур Төлепов болды. Олар жастарға бала арманын қалай бағындырғаны, теріс әдеттерден аулақ болып, өз жолын табудағы тәжірибелері туралы әсерлі әңгімелер айтып, маңызды кеңестер берді.
Форум барысында жиналған жастар полиция қызметкерлерінің арнайы автокөліктері мен қару-жарақ көрмесін ерекше қызығушылықпен тамашалап, өздеріне үлкен әсер алды.
Осылайша қоғамды алаңдатқан кеселге қарсы өткізілген бұл форум жастарды зиянды әдеттерден сақтандырып, олардың жарқын болашаққа деген сенімін нығайта түсті.