Жатақхана кіреберісінен велосипед ұрланды
Петропавл полицейлері қала тұрғынына ұрланған велосипедін үш сағаттың ішінде тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 жастағы Петропавл тұрғыны жұмысына бару және қаладағы басқа да өз шаруалары бойынша велосипедімен қозғалып жүрген. 16 қыркүйекте ол Шухов көшесіндегі жатақхананың подъезінде қос доңғалақты көлігін қалдырып, жарты сағатқа ата-анасына барады. Шыққан бойда көлігінің жоғалғанын байқап, бірден жақын маңдағы учаскелік полиция пунктіне хабарлайды. Ұрланған көлікті іздеуге Бірінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері жұмылдырылды. Үш сағаттың ішінде велосипед табылып, иесіне қайтарылды.
– Маған полицейлер хабарласып, көлігімнің табылғанын айтты. Жылдам тауып берді. Велосипед – қалада жүріп-тұратын көлігім. Мен үшін өте маңызды, – дейді Михаил Савенков.
– Ұрлық жасауда күдікті Петропавл қаласының 54 жастағы тұрғыны ұсталды. Велосипед оның жертөлесінен табылды. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – дейді Бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.
Ауа райының жылы кезінде велосипед ұрлықтарының орын алуы – кең тараған қылмыстың түрі. Осындай қылмыстық әрекеттердің алдын алудың амалдары – қос дөңгелекті көліктерді бейнебақылау камераларымен қамтылатын аумақтарға және құлыпқа салынып жабылатын орындарға қою.