Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жергілікті тұрғындардың тыныштығын бұзған мотокөлік жүргізушісі ұсталды

Алматы облысының патрульдік полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындардың тыныштығын бұзған мотокөлік жүргізушісін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарасай аудандық ПБ патрульдік полиция қызметкерлері автопатрульдеу кезінде жол ережесін өрескел бұзған мотокөлік жүргізушісін байқады. Қос дөңгелекті көлік жүргізушісі тәртіп сақшыларынан бой тасалауға тырысқанымен, көлікті кәсіби деңгейде жүргізетін полицейлер оған жол бермеді. Кейінірек, мотоцикл жүргізушісі масаң күйде екені белгілі болды.

– Патрульдік полиция экипажы жоғары жылдамдықпен келе жатқан «Кавасаки» маркалы мотоциклін байқаған. Тәртіп сақшылары жүргізушіні тоқтатуға тырысқанымен, ол бірден із суытуға әрекет еткен. Бірақ, патрульдік көлік тізгініндегі тәжірибелі жүргізуші ешкімге зардап тигізбестен құқық бұзушыны тоқтатқан. Мотоцикл жүргізген 22 жастағы жергілікті тұрғын өте мас күйде екені анықталды, – деді Қарасай аудандық ПБ бастығы Болат Тотыбаев.

Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік айып тұрағына қамалды. Жүргізушінің өзі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін ол жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл жүргізуші жергілікті тұрғындардың тыныштығын бұзып, маза бермегенін атап өту қажет. Түн мезгілінде ол өзінің мотоциклімен өте жоғары жылдамдықпен жүретін, сондықтан қозғалтқышынан шыққан шу өзге адамдардың демалуына кедергі келтіретін. Өз кезегінде, тәртіп сақшылары тұрғындар жол қозғалысы ережелерін бұзудың немесе басқа да құқық бұзушылықтың куәсі болса, қажетті шаралар қабылдау үшін дереу полиция қызметкерлеріне хабарлау қажеттілігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру