Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайлық сақшылар балаларды өз қамқорлығына алды

Жетісайлық сақшылар балаларды өз қамқорлығына алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жыл Түркістан облысының полицейлері үшін жақсы да жағымды жаңалықтармен басталуда. Қайырымдылық пен қамқорлықты бірінші орынға қоятын жанашыр полицейлеріміз тағы бір игі бастамаға себепші болды. Нақтылап айтар болсақ, Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөлімінің полицейлері аудандағы сот, прокуратура, кірістер басқармасы мен білім бөлімінің қызметкерлерін және мешіттің имамын шақырып, дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Яғни бұл бас қосудың басты мақсаты: әлеуметтік себептермен жасөспірімдер тарапынан орын алатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, мектеп сабақтарына қатыспайтын, көмекке мұқтаж отбасы балаларына жүрек жылуын, ізгілік нұрын сыйлау, қамқорлық танытып болашақта еліміздің беделді де үлгілі азаматтары болып қалыптасуына ықпал ету.
Жалпы Жетісай ауданында 73 орта білім беру ордасы бар. Оған қоса төрт колледж, бір университет, бір мектеп-интернаты мен қосалқы мектеп-интернаты жұмыс жасауда. Оларға аудандық полиция бөлімінің 20 ювеналды полиция қызметкерлері жауапты деп бекітілген. Яғни бұл полицейлер тиісінше жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау, қылмыстар мен құққыбұзушылықтарды алдын алу бойынша жұмыстарды атқарып отырады.

Сонымен қатар есепте тұратын әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, денсаулығына байланысты мінез-құлқына тұлғалық жеке бақылауды қажет ететін 280 оқушы, жетім мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 89 оқушы бар. Оларға білім бөлімі мен полицейлер тарапынан әрдайым бақылау жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады.

– Балалардың өмірде өз орнын тауып, бақытты болуы үшін біз тағы да не істей аламыз? Қайырымдылықтан бөлек, олардың басқа да толыққанды отбасындағы балалар секілді өсуі үшін бірінші кезекте жан-жақты жағдай жасалынуы тиіс. Сондықтан оларға әрдайым ізгілік пен адамгершілікті бойларына сіңіріп, қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп отыру керек. Осы мақсатта жасөспірімдерді дұрыс бағытқа бағыттауымызды, оларға жан-жақты қолдау көрсетуімізді нақты жүзеге асыру үшін, бұл бастаманы бастадық. Бабамыз Ахмет Байтұрсыновтың «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын?» деген дана сөзін ұрандата отырып, «Қамқорлық» деп аталатын игі істі бастадық.

Аталған шара барысында жиналған қауым өкілдерімен бас қосып, әр мекеме өз қамқорлығына балаларды жауапты ретінде алып, болашақта мамандық иесі атанып еліміздің белді азаматы, бақытты тұрғыны болуы үшін қолдан келетін көмектің барлығын көрсететін болады.

Жиналғандардың бір ауыздан қолдауы мен шешімі бойынша біз де бірнеше баласы бар жанұяға жауапты болдық. Ендігі уақытта ол балалардың қатарынан қалмай, ешнәрсеге мұқтаж болмай өсуі үшін, болашақта қалаған оқу орнына түсіп, мамандық иесі атануы үшін жағдай жасаймыз. Олардың туған күндеріне арнайы сый-сияпаттарымызбен бірге барып, құттықтап, өзімізде ұйымдастырылған іс-шараларға шақырып, қатыстырып, көңілдеріне қаяу салып алмай, өз қамқорлығымызды біртіндеп іске асыратын боламыз, – деп атап өтті Жетісай АПБ бастығының орынбасары Сәкен Жайлыбаев.

Киелі өңірдің полицейлері қашанда жылағанды жұбатып, қиналғанды қуантуға даяр. Олар әрдайым көмекке мұқтаж, тұрмысы төмен отбасыларға қорғаушы, жанашыры болу мақсатында өз қызметтерін атқарып келеді. Қайырымдылық шараларын ешқашан назардан тыс қалдырған да, естен шығарған да емес. Сондықтан мұндай бастамалар алдағы уақытта да түрлі бағытта ұйымдастырылып, іске асырыла беретін болмақ! Еліміз аман, болашағымыз жарқын болсын!

Сондай-ақ оқыңыздар
  1. Ғабит :

    Өте дұрыс, игі істі бастап, осы қайыпымдылық іс-шарасы басқа да мекемелердің қолдауын тапқаны үшін қуаныштымыз. Полиция қызметкерлеріне мың алғыс, рахметімізді айтамыз. Керемет шара қолға алыныпты. Алла разы болсын.

Жауап қалдыру