Жетісу облысында қызметтік иттердің көмегімен 32 қылмыс ашылды
Жетісу облысында қызметтік иттердің көмегімен 32 қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызметтік-іздестіру иттері, адамның ең сенімді көмекшілері ретінде, бізге адал қызмет етуді жалғастырып жатыр. Олардың сезімтал иісі, күші, жылдамдығы, адалдығы, төзімділігі және басқа да қасиеттері көптеген салаларда көмектеседі. Құтқарушы, жетектеуші, қамқоршы, ізші, күзетші немесе күтуші ретінде біздің төрт аяқты досымыздың қызметтерін асыра бағалауға болмайды. Оның ішінде полиция қызметінде де.
Кинолог мамандар өздерінің адал иттерімен бірге қылмыстардың алдын алу және ашу, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету, қылмыс жасаған адамдарды іздестіру және ұстау, атыс қаруын, жарылғыш заттарды, есірткілерді және басқа да қауіпті заттарды іздестіру бойынша қиын қызмет атқарады. Сонымен қатар, біз үйреткен иттер аса қауіпті қылмыскерлерді, адасып кеткен және жоғалған адамдарды, сондай-ақ, табиғи апаттардан зардап шеккендерді іздестіруге көмектеседі.
Облыстық полиция департаментінің кинологиялық орталығында 24 қызметтік-іздестіру иттері қызмет атқарады. Кейбіреулер есірткі бизнесі бойынша қолданылады, басқалары жарылғыш заттарды іздеуге және одорологияға дайындалған, ал басқалары шабуыл, ізді алу және іздеу жұмыстарында, сондай-ақ, қоғамдық орындарды патрульдеуде немесе қылмыскерлерді айдауыл шарасын жүргізуде қолданылады. Бұл қызмет жауапты, ауыр және жоғары кәсіби шеберлік пен дағдыны қажет етеді. Орталықтың кинологтары әр төбеттің өзіндік сипаты бар екенін мойындайды, олармен жиі ортақ тіл табу оңай емес. Сондықтан төрт аяқты серіктесті таңдау кезінде өте мұқият болу керек. Ал мұнда таңдау екі жақтан жүзеге асырылады.
Жыл басынан бері кинологиялық қызметтің полицейлері оқиға орнына 113 рет шықты, бұл ретте қызметтік иттерді қолдана отырып 32 қылмыс ашылды.
– Қылмыстарды ашуға ықпал ететін әртүрлі арнайы техникалық құралдар жетілдіріліп, полиция қызметіне енгізілгеніне қарамастан қызметтік иттер құқық қорғау органдарының барлық жұмысында таптырмас көмекші болып қала береді. Қызметтік иттер қылмыстарды ашуда айтарлықтай көмек көрсетуде, олардың көпшілігі дәл кинологтар мен иттердің арқасында, қылмыстың ізін суытпай ашылады, – деді КҚО бастығының міндетін атқарушы Мақсат Маметжанов.