Жетісу облысында тергеу ісінің құрметіне ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары анықталды
Жетісу облысында тергеу бөлімшелерінің құрылған күнінің құрметіне ұйымдастырылған суреттер байқауының жас жеңімпаздары анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полициясының тергеу бөлімшелері кәсіби мереке қарсаңында балалар суреттерінің байқауын ұйымдастырды. Онда тергеушілердің, анықтаушылардың және криминалистердің балалары қатысты.
– Байқауға 3 жастан 10 жасқа дейінгі балалар қатысты. Қойылатын талап – полицей-тергеушінің бейнесін суреттерде көрсете білу және жеткізу. Қазылар алқасы мұндай көп шығармашылық жұмыс болады деп күтпеген еді. Суреттер ішінен тек үшеуін таңдау қиынға соқты. Ұсынылған жұмыстардың әрқайсысы жақсы сапамен ерекшеленді және терең мағынаны білдірді. Комиссия шешімімен үш жүлделі орыннан басқа “Жас суретші” номинациясы белгіленіп, гран-при жеңімпазы анықталды, – деп атап өтті облыстық тергеу басқармасы бастығының орынбасары Самал Арғынғазинова.
Жас суретшілер байқауында облыстық департаменттің тергеушісі А.Тынысбаевтың ұлы – Әлібек Әскербеков үшінші орын алды. Екінші орынды Қаратал аудандық полициясының тергеушісі Ж.Сыдықовтың қызы Аяжан Сүндетпай иеленді. Жедел-криминалистикалық басқарманың криминалисті Арина Бейсенқұлованың бауыры Ильяс Бейсенқұл байқаудың жеңімпазы атанды. Гран-при Панфилов аудандық полициясының тергеушісі О.О.Әсетқызының 9 жасар қызына бұйырды. “Жас суретші” номинациясы бойынша облыстық тергеу басқармасының жетекші маманы Айдана Демесинованың 4 жасар ұлы – Әлихан Төлеубек үздік деп танылды.
Жүлдегерлер полиция департаменті бастығының грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Мұндай шығармашылық іс-шаралар жас дарындардың талантын ашып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, полиция қызметіне бала кезінен құрметпен қарауға мүмкіндік береді, – деді С.Арынғазинова.