Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында жол апатын жасап, оқиға орнынан бой тасалаған күдікті құрықталды

Алакөл ауданының полицейлері заңсыз иеленген жүк көлігімен жол апатына ұшырап, одан кейін оқиға орнынан жасырынған 29 жастағы талдықорғандықты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

16 тамызда Алматы – Өскемен тасжолының 585-шақырымында Toyota Carina көлігі мен Shacman жүк көлігінің қатысуымен жол апаты болды. Әртүрлі жарақаттарымен жеңіл автокөліктің жүргізушісі жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Ал жүк көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында патрульдік полиция қызметкерлері Shacman жүк көлігін тауып, оның жүргізушісін ұстай алды. Белгілі болғандай, ер адам бір сағат бұрын жүк көлігін заңсыз айдап кетіп, жол-көлік оқиғасының себепкері болған.

– Күдікті адам Shacman жүк көлігін республикалық трассаны қайта жасау мен жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын жол жөндеу ұйымынан айдап кеткен. Ұсталған облыс орталығының 29 жастағы тұрғыны жүк көлігін заңсыз айдап кеткені үшін ҚР ҚК-нің 200-бабымен қылмыстық жауапкершілікке және жол-көлiк оқиғасына себепкер бола тұра, оқиға орнынан жасырынғаны үшін ҚР ӘҚБТК-нің 610-бабы 2-бабы және 611-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Алакөл аудандық полициясы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру