Жетісу полицейі еліміздің құқық қорғау органдары арасында үздік шахматшы атанды
Астана қаласында құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына арналған бірінші республикалық шахмат турнирі өтті. Жеке біріншілікте Жетісу облысы ПД атынан қатысқан Олжас Түгелбаев жеңімпаз атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олжас Түгелбаев ішкі істер органдарында 30 жылдан астам қызмет атқарып келеді және қазіргі уақытта облыстық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі лауазымында қызмет етуде. Қызметтен бос уақытында шахмат ойнауды ұнатады.
Полицейдің таңдаған мамандығын ескере отырып, шахматқа деген құмарлығын оғаш деп айтуға болмайды. Шахмат адамды жылдам ойлануға, шешім қабылдауға және қадам жасауға итермелейді. Ойнау логикасы зейінді дамытады. Ал тергеушілер мен шахматшылар қиын жағдайда зейінді шоғырландырудың айрықша қабілетімен ерекшеленеді. Табысқа жету үшін өзіңіздің және қарсыластың алдағы қадамын алдын-ала есептеу қажет. Қылмыстық істерді тергеу ол да бір шахмат ойыны тәрізді. Олжастың айтуынша, ол үшін шахмат – мектеп жасынан қызығып, ойнаған хобби ғана.
– Менен қалай барлығына үлгересіз, қауырт жұмыс, үйдегі тірлік, оған қоса шахмат ойнауға да уақыт таба аласыз деп жиі сұрайды. Менің ойымша, өз уақытыңды дұрыс жұмсаудың жолын тауып, әр секундты мұқият жоспарлау керек, – деп атап өтті Олжас Түгелбаев.