Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада масаң күйде көлік басқарған бикеш ұсталды

Астанада масаң күйде көлік басқарған бикеш ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Toyota Camry көлігінің жүргізушісі сағат 05:00-де жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Аталған көлік жүргізушісі жол ережесін бұзып, Аманат көшесімен қозғалған.

Көлікті патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатып, құжаттарын тексеру кезінде 20 жастағы жүргізушінің мас күйінде рөлге отыруы бірінші рет емес екені анықталды. Яғни, 2021 жылы да масаң күйде ішкі істер органы қызметкерінің алкогольдік тексеруден өту туралы заңды талабын орындамағаны үшін, қыз 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізуші бойжеткен “жеңіл” дәрежелі алкогольдік мас күйінде көлікті басқарған. Оған қатысты үйқамақ бұлтартпау шарасы таңдалды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Көлік қоғамдық айыптұраққа қойылды.

Астана қаласы полиция департаменті көлік иелеріне жол қозғалысы ережелерін сақтауды, көлікті мас күйінде немесе көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізбеуді ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру