Жетісу полициясының жас көмекшісі ТМД-ның үздік студенті атанды
Полицияның «Жас Қыран» студенттік көмекші жасағының мүшесі Ербол Смағұл ТМД-2024 үздік студенті атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ербол Смағұл І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 3-курс студенті. Бала кезінен ғылым адамы болуды армандап, өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылып отырған. Туған жері Кербұлақ ауданы Алтынемел ауылы. Жастайынан білікті дәрігер боламын деген мақсаты бар.
– Кейбір студенттердің полиция жас көмекшілері жасағының мүшелері екенін біліп, мен еш ойланбастан олардың қатарына кірдім. Қоғамға көмектесу – кез келген адамның басты миссиясы деп санаймын, – дейді Ербол.
Ербол Смағұл президенттік стипендия иегері, екінші жыл қатарынан «Жас қыран» студенттік қозғалысының белсенді еріктісі. Көмекші жасақтың басқа студенттерімен бірге ол құқық қорғаушылар ұйымдастыратын көптеген профилактикалық іс-шаралар мен жұмыстарға қатысады.
– Әл-Фараби данамыздың: «Ғылыммен айналысқысы келетін адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет ету керек» – деген сөздері менің өмірлік принципіне айналды. Болашақта оқуды жалғастырып, өз халқыма пайда әкелгім келеді. Менің үздік студент атануыма ата-анамның, мектеп мұғалімдерінің, университет оқытушыларының сіңірген еңбегі орасан. Бірақ мен үшін үздік атану маңызды емес. Ең бастысы бұл әлемге адам болып келу, адам болып қалу, қоғамға пайда әкелу, –дейді жас студент.