Жетісудың құқық қорғау органдары облыстық қоғамдық кеңес отырысына қатысты
Жетісудың құқық қорғау органдары облыстық қоғамдық кеңес отырысына қатысып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өңірдегі қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстың қоғамдық кеңесінің отырысына өңірдің ведомстволық құрылымдарының басшылары қатысты. Күн тәртібінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өңірдегі қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелері талқыланды.
– Егер бұрын полицияның басты ұстанымы мен көрсеткіші қылмысты ашу болса, бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігінің талаптарына сәйкес басты ұстаным ол – құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді ПД штаб бастығы Ермек Манашбаев.
Кеңес отырысына қатысқан полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның мүшелері де құқықтық тәртіпті нығайту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
– Өңіріміздегі басты мәселенің бірі – мал ұрлығы. Ұрлықтың жолын кесу үшін алдын алу шараларын күшейтіп және ұдайы жүргізіп отыру қажет. Қожайындарына үй жануарларына GPS навигаторларының чиптерін міндетті түрде орнатудың маңыздылығын түсіндірген жөн, – дейді өз ұсынысымен бөліскен консультативтік-кеңесші органның мүшесі Қадыр Әбдірахманов.
Сондай-ақ республикалық маңызы бар тасжолдардағы стационарлық бекеттердің жұмысын қайта жандандыру, оқу орындарының айналасындағы көлік жолдарында орын алатын заң бұзушылықтар мен мүгедектерге арналған тұрақта көлікті қою ережелерін бұзу мәселелері қарастырылды.
– Бұрын учаскелік полиция инспекторларына үлкен сый-құрметпен қарайтынбыз. Барлық балалардың арманы учаскелік инспектор болу еді. Негізгі жұмыс учаскелік инспекторлармен жүргізілетінін ескере отырып, олардың жалақыларын жоғарылатып және халық қайта құрметпен қарауы үшін бұрыңғыдай беделін көтеру қажет, – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Амир Газалиев.
Кеңес отырысының барысында көптеген сұрақтар мен ұсыныстар айтылды. Қоғам өкілдері интернет-алаяқтық фактілерінің көбеюі мен кәмелетке толмағандарға ішімдік пен темекі өнімдерінің сатылуы және басқа да көптеген тұрғындар үшін маңызды мәселелерді көтерді. Кеңеске қатысушылар өз қызметтері туралы айтып, ал полиция қызметкерлері тиімді ынтымақтастық пен қолдау болатынына үмітті екендіктерін жеткізді.