Жезқазғанда бұрын куәлігінен айырылған мас жүргізуші ЖКО жасады
Жезқазғанда бұрын куәлігінен айырылған мас жүргізуші жол апатын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 желтоқсанда таңғы сағат 09:00 шамасында Қарағанды облысы Жезқазған қаласының ПБ-на жол-көлік оқиғасы жайлы хабарлама келіп түсті. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Daimler-Benz көлігінің 27 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, таксимен соқтығысқанын анықтады. Оқиғаға кінәліден жауап алған полицейлер оның мас күйде болғанын анықтады.
Сараптама нәтижесі ер адамның алкогольдік мас күйде болғанын растап берді. Сонымен қатар көлік жүргізушісі 2018 жылы көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік мас күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
– Жыл басынан бері Жезқазған қаласында осыған ұқсас тоғыз факті тіркелді. Осы кезеңде көлікті мас күйінде басқарған 79 адам жауапкершілікке тартылды, – дейді Жезқазған қалалық ПБ-ның басшысы Ерлан Есжанов.