Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жоғалған әйел табылып, аман-есен үйіне қайтарылды

Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен әйелді аман-есен тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның жұбайы кешкі сағат 19:00 шамасында үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Осылайша әйелімен еш байланыса алмай, хабар-ошарсыз қалған ер адам бірден полицейлердің көмегіне жүгінген.

Тәртіп сақшылары ақпарат алысымен жоғалған әйелді іздестіруге кіріседі. Жан-жақты қажетті шараларды жүргізеді. Көрген-білгендерден, таныстарынан жауап алып, оның баруы мүмкін жерлер мұқият тексеріледі. Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полицейлер тәулікке жетпей әйелді құрбысының үйінен табады.
Тексеру барысында анықталғандай отбасылық кикілжіңнен соң әйелі күйеуіне ренжіп, ашумен құрбысының үйіне кетіп қалған. Қазіргі таңда ерлі-зайыптыларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әйел аман-есен үйіне қайтарылды.

Өз кезегінде тұрғын, әйелін тауып берген полицейлерге алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды отбасылық-тұрмыстық жанжалдарды болдырмауға, ұрыс-керістен алшақ жүруге шақырады. Кез келген жағдайда бір-бірлеріңізге түсіністікпен қарап, отбасы құндылықтарын сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ жақыныңызды жоғалтып алсаңыз тез арада полицияның “102” нөміріне хабарласуға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру